Домбыра, волейбол, шешендік өнер, ән-би, факультатив сабақтар мен робототехника үйірмесі. Оқу жылы басталысымен-ақ кез келген ата-ана баласының сабақтан кейінгі бос уақытын тиімді әрі пайдалы өткізуін жоспарлайды. Түрлі үйірмелерді, қосымша сабақтарды іздестіре бастайды. Іздегені алыстан емес, мектептен табылса тіпті жақсы. Алайда қаладағы 144 білім ұясының барлығында дерлік үйірмелер мен қосымша сабақтар ұйымдастырылады деп айта алмаймыз. Тек санаулысында бар. Ата-аналар ақылы курстар мен түрлі секциялардың көмегіне жүгінуге мәжбүр. Әйткенмен, барлық ата-ананың бұған мүмкіндігі және шамасы жете бермес. Сонымен, мектеп оқушысының сабақтан кейінгі бос уақытын қалай тиімді ұйымдастыруға болады? Оқушыларға арналған тегін үйірмелер мен қосымша сабақтар бар ма? Оларға қалай жазылады? Қызық па? Ендеше оқыңыз! Бәлкім сіздің де кәдеңізге жарап қалар!
Қалалық білім басқармасының хабарлауынша, шаһардағы жалпыға ортақ білім беретін мектептердің барлығында ұзартылған күн тобын (продленка), қосымша сабақтарды, тіл үйрету курстарын, спорт, өнер бағытындағы үйірмелерді ұйымдастыру мүмкін емес. Кейбір білім ұяларында оқушы саны өте көп. Салдарынан кабинет тапшылығы байқалады. Сондықтан да тіл үйрету сыныптарын, түрлі үйірмелерді, секцияларды ұйымдастыруда мектептің мүмкіншілігі және ата-аналардың қалауы ескеріледі екен.
Бүгінде дәл осы талаптарға сәйкес, қаладағы 52 мектепте ұзартылған күн тобы жұмыс істейді. Ал 32 мектеп Шымкент қалалық Оқушылар сарайы-мен келісімшарт жасасып, қосымша үйірмелер ашқан. Мәселен, С.Ерубаев атындағы №24 мектепте сурет, А.Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясында театр өнері, Асардағы мектепте домбыра үйірмелері жұмыс істеуде. Ал мектептегі үйірме сіздің көңіліңізден шықпаса онда қалалық білім басқармасына қарасты оқушылар сарайына барыңыз. Мұнда үйірменің түр түрі бар.
Оқушылар сарайы директорының орынбасары Ислам Көпжасаровтың айтуынша, мектептер тарапынан спорт, би, домбыра үйірмелеріне қызығу басым. Алайда, барлық мектепке маман жетпейді. Бұған мектептің құрылымы, жабдықталуы сай келмеуі мүмкін. Сондықтан да олар қолөнер, бейнелеу өнері сияқты үйірмелермен шектеледі.
– Оқушылар сарайындағы 104 үйірме кес-теге сай жұмыс істейді. Олардың қатарында: спорт, өнер, қол өнер, компьютерлік графика, астрофизика, тіл үйренемін деушілерге ағылшын тілі курстары бар. Биылдың жаңалығы – IT сыныбы. Бұл сыныпты ашу үшін 42 млн теңге бөлінді. Енді шымкенттік балақайлар робототехникамен айналысып, роботтарды құрастырады. Қабылдау 15 қыркүйекке дейін жүреді. «Келем» деушілерге есігіміз айқара ашық. Кез келген уақытта келіп, өз балаңызды жаздыра аласыз. Үйірмелердің барлығы балаларды тегін қабылдайды,- дейді Ислам Көпжасаров.

Айта кетейік, оқушылар сарайы өздерімен келісімшарт жасасқан мектептегі үйірмелерді қоса есептегенде, 5000-нан астам оқушының бос уақытын тиімді өткізуге қауқарлы. Көп балалы отбасыдан шыққан балалар, мүмкіндігі шектеулі оқушыларға бірінші кезекте басымдылық беріледі.
Бұдан бөлек, білім басқармасындағылар кабинет тапшылығы алқымнан алып, қала мектептерінде үш ауысымда білім беру мәселесі тұрса да, барлық білім ұяларында оқушылар үшін сауат ашу мен көркем жазудан тегін қосымша сағаттар өтілетінін айтады. Сондықтан да балаңыз әріптерді дұрыс айтып, оқысын десеңіз немесе көркем жазғанын қаласаңыз сабақтан соң 1-2 сағатқа мектепте қалдыра аласыз.
Ал тіл үйренемін, математика немесе басқа да сабақтардан қосымша дәріс алғыңыз келсе, ұстаздармен келісесіз. Мектепте, үйреншікті ортада өз ұстазы демесеңіз ақылы курстарға да баруға болады. Шымкентте мұндай орталықтар өте көп. Бағасы да әртүрлі. Айына 5 мың теңгеден бастап 20 мыңға дейін жетеді. Ондағы білім сапасы сонда оқығандарға және олардың ата-анасына мәлім.
Айтпақшы, қалада 11 спорт мектебі және 9 олимпиада резервін дайындайтын мамандандырылған мектеп бар. Спорттың 44 түрінен ақысыз секция жұмыс істейді. Сондықтан да балаңыздың жас ерекшелігі мен қызығушылығын ескере отырып, спортқа баулуға болады.
Баланың мектептен кейінгі бос уақытын тиімді өткізгені жақсы, әрине. Әсіресе, сол білімі кәдесіне жараса. Ал, сіздің балаңыз мектептен соң немен айналысады?

Айжан Ермекқызы

«Оңтүстік Рабат», №36, 4 қыркүйек 2019 ж