Шетелдік шәкірттерге қатысты видео дипломаттар мен жергілікті билік өкілдерінің назарын аударды. Бейнеде студенттер жергілікті жастардан ұзақ уақыттан бері теперіш көріп жүргендіктерін жеткізген.
Студенттердің өзара келіспеушілігінен туындаған арыз соңы маңызды отырыстарға ұласты. Болған жайтқа байланысты оқу ордасының ғимаратында Өзбекстан елшілігі мен Университет басшылығының бірлескен кездесуі өтті. Ал екі елдің елшілігін дүрліктірген бейнежазба екі студенттің ерегісінен басталған.
Аврор Фатхуллаев, Қазақстандағы өзбек елшісі: «Біздің келудегі негізгі мақсатымыз — әлеуметтік желіде таралған студенттердің бейнежазбасы. Осы университетте өзбек азаматтары да оқиды. Сол екі ел жастардың арасындағы туындаған мәселенің ақ-қарасын ажырату».
Бұл жаппай топтық төбелес емес. Екеуара ерегістен басталған. Болған жиында жігіттер қол алысып, татуласты.
Университет басшылығы туындаған мәселені ұсақ-түйектен басталған дейді. Екі ел жастары бір-бірінің тілін түсінбей, текетіреске жол берген.
Университетте Өзбекстаннан келген 286 студент оқиды. Билік өкілдері алдағы уақытта шетелдік шәкірттердің елде қауіпсіз жағдайда білім алуына қажетті барлық жағдай жасалады деп сендірді.
Гүлнұр Әмірәлі