Бұдан былай зейнетақы төлемдерін тағайындау қызметін алу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына барудың қажеті жоқ.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы зейнеткерлікті проактив әдісімен рәсімдеу бойынша пилоттық жобаны іске қосты.
«Азаматтарға арналған үкімет» баспасөз қызметінің мәліметінше, бұрын болашақ зейнеткерге зейнетақы төлемдерін тағайындау қызметін алу үшін міндетті түрде халыққа қызмет көрсету орталығына бару қажет болса, енді зейнет жасына толғанға дейін 10 күн бұрын қызметті проактивті түрде рәсімдеуге ұсыныс білдіретін смс-хабарлама жолданады.
Келісім берілген жағдайда кадр бөліміне алдын ала тапсырылған құжаттар жауапты мемлекеттік органның мақұлдауына электронды түрде жіберіледі.
Айта кетейік, зейнеткер жұмыс берушісінің кадр бөліміне алдын ала еңбек өтілі, зейнеткерлік жүйеге қатысуы сияқты мәліметтерді ұсынады, ал бұл ақпарат еңбек келісімдерін есепке алу бірыңғай жүйесіне енгізіледі.
Аталған әдіс арқылы мемлекеттік корпорацияның екі қызметкері зейнеткерлікке шығып үлгерді. Тиісті смс-хабарламаларды алғандардың қатарында астаналық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің жетекшісі Райхан Жолдықұлова мен Ақмола облысы филиалының жер кадастры бөлімінің қызметкері Любовь Шестаева бар.
«Корпорациямыз цифрлық жаңашылдықтардың үнемі басы-қасында жүреді. Бірақ дәл осы зейнеткерлікке шығу жобасының алғашқы қатысушысы боламын деп ойламаппын. Зейнет жасына жеткенде қаншама құжаттың машақаты барын білемін. Барлығы смс-пен шешілгеніне қуаныштымын», – дейді зейнеткер Райхан Жолдықұлова.