Келес АПБ-нің кезекшілігіне жергілікті тұрғынның бірі хабарласып, есірткі өткізумен айналысып жүрген тұлға туралы айтады. Бірден жедел-іздестіру іс-шарасы жүргізіліп, нәтижесінде аудан полицейлері Түркістан облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасымен бірлесе отырып, бұрын сотты болған жергілікті тұрғынды құрықтайды.
Осылайша, күдіктінің үйін тінту кезінде полиция қызметкерлері есірткі заты бар сіріңке қорапшалары мен марихуанаға ұқсас құрамында есірткі бар өсімдіктің бір бұтасын тәркіледі.
Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген марихуананың жалпы салмағы жарты килограмға жуықтайды. Аталған жайт, Келес АПБ-нің СДТБТ-ға екі баппен, ҚР ҚК-нің 297-бабы «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу » және 300-бабы «Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру» бойынша тіркеуге алынды. Күдікті қамауда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда.
Есірткі қылмысына қатысты іс-шаралар барысында полицейлер тағы бір күдіктіні, дәлірек айтқанда Қазығұрт АПБ-нің полицейлері қолға түсірді. Ол Қазығұрт ауданының жергілікті тұрғыны болып шықты.
Күдіктінің жеке басын тінту барысында жедел уәкілдер оның қалтасынан «кептірілген марихуана»салынған сіріңке қорабын тапты. Одан әрі үйін тінтіген уақытта 9-грамнан астам марихуана мен тіркелмеген газ тапаншасын тәркіледі.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің үш бабы, 287-бап «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру», 296-бап «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен, прекурсорлармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу», 297-бап «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеуге алынды. Сотқа дейінгі тергеу материалдары сотқа жолданды.
Бүгінгі таңда сотталушы Қазығұрт аудандық сотының шешімімен 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Түркістан облысының полицейлері өз кезегінде есірткі затын заңсыз пайдалансаңыз қылмыстық жауапкершілікке тартылатыныңызды ескертеді. Сондай-ақ, есірткі құралдарын пайдалану бірінші кезекте сіздің денсаулығыңызға зиян келтіретінін ескеріңіз. Облысымыздың тәртіп сақшылары азаматтарға салауатты өмір салтын ұстануға және үнемі зиянды әдеттерден сақтануға кеңес береді.