Бәйдібек ауданына қарасты Оймауыт ауылының маңайында ірі қараның өлекселері табылды. Тұрғындар өлген ірі қаралардың кез-келген жерде шашылып жатқанына екі ай өтті дейді. Жергілікті жұрт жауаптылар шұғыл іске кіріспесе, елді-мекенде індет тарауы мүмкін деп қауіптеніп отыр.
Екі ай бойы ит пен құс, шыбын мен шіркейге азық болған ірі қаралардың денесі тулақтай боп қалған. Ал жергілікті әкім-қаралар өз аумақтарындағы бұл жәйттен хабарсыз болып шықты. Жағдайды тілшілерден естіген ауыл әкімі өзінің орынбасары мен мал дәрігеріне шұғыл тапсырма берген.
Мал өлекселері толығымен жиналып, орны залалсыздандырылған. Тіпті төтенше жағдайлар департаментінің мамандары арнайы мал өлекселеріне арналған орындарға көмген деп сендірді ауылдық округінің әкімі. Әкімдік қызметкерлері мал өлекселерін айдалаға әкеп тастаған адамның үстінен полицияға шағым түсірген.
Асылхан Тоқтамысов, Бәйдібек ауданы Боралдай ауылдық округінің әкімі: «Малдың өлекселері туралы аудандық ішкі істер бөліміне хат жібердік. Малдың егесін анықтау, қай жерден алып келгенін, кімнің малы екендігін анықтау мақсатында».
«Ал ірі қаралардан қандай да бір сынама алынды ма? Сараптама жұмыстары жүргізілді ме? Өлекселер індеттің тарауына сеп болмайды ма?» деген сауалдарымызға сол күйі жауап ала алмадық. Ауыл әкімі бұл мал дәрігерінің жұмысы деп басын алып қашты. Ал мал дәрігері болса жауап беруден мүлдем бас тартты.
Меруерт Ахан