Көлік ұрлады деген күдікпен бұрын сотты болған екі ұры ұсталды

143

 Кентау АПБ-ге кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданады. Ол өз арызында көпқабатты тұрғын-үйдің ауласында тұрған «Нексия» көлігін белгісіз біреулер ұрлап кеткенін көрсетеді. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 1 500 000 теңге құрады. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркелді.

Кентау қалалық полицейлері көлік ұрлаушыларды ұстау жұмыстарын қарқынды жүргізеді. Себебі, бұдан бөлек 3 бірдей жергілікті тұрғындар осылай, аулаларынан көліктерін ұрлап кеткендігін айтып шағым түсірген. Жалпы 4 жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 6 миллионнан астам теңгені құрады. Сондықтан аталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру іс-құжаттары бір іс жүргізуге біріктірілді.

Тәртіп сақшылары ұрыларды ұстау барысында жақын аймақтарды аралап шықты, көлік бөлшектерін сатып алушы, сатушыларды тексерді, бейнебақылау камераларын көрді. Кез-келген қылмыстың соңында бір із қалатыны белгілі, полицейлер көп уақыт өтпей, күдіктінің бірінің ізіне түсті. Көлік ұрланған жерлерде түскен қоңырауларды тексеріп, телефон арқылы күдіктінің біреуін Кентау қаласындағы көшелердің бірінен ұстады. Тергеп-тексеру барысында, оның сыбайласы Сайрамның тұрғыны, өзімен бірге түрмеде отырып шыққан азамат екендігі анықталды. Осылайша, полицейлер екінші көлік ұрлаушыны Сайрамдағы өз үйінен құрықтады. Ал, ұсталған азаматтар өз кінәсін толық мойындаған.

Белгілі болғандай, 2 ұры көліктердің дабылқаққыштары жоқтарын жымқырып отырған. Темір сызғыш арқылы есігін ашып, кілт тұратын блогын алып тастап, жымысқы ойларын іске асырып, айдап әкетіп отырған. Содан ұрланған көліктерді Сайрам ауданына апарып, екінші күдіктінің үйінде бөлшектеп, сатып отырған. Түскен ақшаны өз қажеттіліктеріне жаратқан. Қазіргі таңда, 2 күдікті де қамауда. Тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Қыркүйек айының соңына дейін айыптау актісімен іс сотқа жолданбақ.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға көліктеріңізді бейнебақылау қондырғылары бар арнайы орындарға қоюларыңызды сұрайды. Сондай-ақ міндетті түрде дабылқаққыштарын іске қосып қою керек. Ал ұрлықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада «102» телефонына хабар беріңіздер. Уақытылы берілген ақпарат, қылмыстың ізін суытпай ашылуына ықпал етеді.