Қала әкімдігі шаһардың іргесінде орналасқан Көлік-логистикалық орталығының мүмкіндіктерін толық пайдаланбақ.
Көлік-логистикалық орталығы 2017 жылдың 6 желтоқсаны күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен тікелей телекөпір барысында іске қосылған болатын. 92 гектар аумақта алғаш болып іске қосылған нысан – «Continental Logistics Shymkent» компаниясы. Жобалық құны — 15 796 млн. теңге болатын нысанның мақсаты – тауарды жинау және сақтау. Кешеннің негізгі артықшылығы – нысанның қолайлы жерде орналасуында.
Ең алдымен әуежайға жақын және теміржол бар. Облыс әкімдігінің жоспары бойынша кешен толық қуатына қосылғанда мұнда жылына 1 млн. тонна тауар өткізуге болатын.
Алайда былтыр облыс орталығы Түркістанға көшіп, көлік-логистикалық орталығы республикалық маңызы бар қала статусына ие болған Шымкентке өткен еді.
Әбунасыр Жанбатыров, Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы: «Көлік логистикалық орталығының қоймаларында фььючерс арқылы сатып алынған өнімдерді сақтауға мүмкіндік мол».
Көлік-логистикалық орталықтағы қоймалар екі класқа жатады. «А» класына жоғары сапалы материалдардан салынған заманауи бір қабатты ғимараттар кіреді. Қоймалардың осы санатын салуда қолданылатын материалдар мен технологиялар әлемдік және халықаралық стандарттарға сай келеді.
Шынар Оразова