«Санатыңыз өзгерді. Келіп өтініш жазып кетіңіз». Тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы шымкенттік аналарға осындай тектес хабарламалар келуде. Құзырлылар мұны көпбалалы отбасыларға арналған арнайы санаттың пайда болуымен байланыстырады. Айтуларынша, ҚР «Тұрғын үй қатынастары» туралы заңына толықтырулар мен өзгерістер енгізілген. Нәтижесінде, коммуналдық тұрғын үй қорынан баспаналы болуға ниеттенген әлеуметтік осал топтағы көпбалалы отбасылар үшін арнайы санат құрылып, олар өз алдына кезек құрайды.

4130 КӨПБАЛАЛЫ ОТБАСЫ КЕЗЕКТЕ ТҰР

Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңында коммуналдық тұрғын үй қорынан баспаналы болуға:
– Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары;
– Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
– Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары;
– Мемлекеттік, әскери және бюджеттік ұйым қызметкерлері;
– Жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған азаматтар құқылы делінген еді. Алайда, 2019 жылдың 6 мамарында аталмыш заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы есепке алу және тұрғын үйлерді бөлу бөлімінің басшысы Жұлдыз Ордабекованың айтуынша, нәтижесінде халықтың әлеуметтік жағынан осал тобына жататын 11 категоряның біреуі, яғни 4 және одан көп баласы бар отбасылар, «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана», «ІІ дәрежелі Ана даңқы» ордендерімен марапатталғандар ол санаттан шығарылып, бөлек өз алдына 6-шы санатты құрайды.

– Елімізде 4 және одан көп баласы бар аналар көпбалалы болып табылған. Қазіргі таңда енгізілген өзгерістерге сәйкес құрамында бірге тұратын кәмелетке толмаған төрт және одан көп балалары, оның ішінде кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар отбасы болып өзгертілді.
Елбасының тапсырмасына және заңға енгізілген өзгеріске сәйкес, осы категориядағылардың бөлек тізімі жасалды. Нәтижесінде 4 және одан көп баласы бола тұра, басқа санатта тіркелген отбасылар анықталып 6-шы санатқа ауыстырылды-дейді Жұлдыз Ордабекова.

Маман көпбалалы отбасылардың бөлек санат болып өз алдына шығуы өзге санаттағылар үшін де, өздері үшін де тиімді екенін айтады. Осылайша кезекте тұрғандардың кезегі бірнеше есеге қысқарған. Маманның берген мәліметінше бүгінде жаңа санатта 4130 көпбалалы ана кезекте тұр.

ҮЙЛЕР САТЫП АЛУ ҚҰҚЫҒЫНСЫЗ БЕРІЛЕДІ

Жұлдыз Ордабекованың сөзінен түсінгеніміз, кезекте тұрған ҰОС ардагерлері мен мүгедектері, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және көп балалы отбасы санатындағылар бірінші кезекте тұрғын үймен қамтылуы керек. Қалған пәтерлер қалған санаттағылар арасында пропорционалды түрде бөлінеді. Осы принциппен ағымдағы жылдың сәуір-маусым айларында 189 орам «Шымсити» шағынауданында пайдалануға берілген 540 пәтердің 108-і жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, 177-сі көпбалалы отбасыларға берілді. Қалған пәтерлерге кезекте тұрған өзге санаттағылар қол жеткізген. Жыл соңына дейін тағы да 828 пәтер пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұл пәтерлер де дәл сол принцип бойынша кезекте тұрғандардың арасында үйлестірілетін болады.
Ескеретін жайт, тұрғын, үй қорынан үйлестірілетін пәтерлер «Нұрлы жер» бағдарламасының талаптарына сай сатып алу құқығынсыз жалға беріледі. Оның ақысы шамамен ай сайын бөлме саны мен шаршы метріне қарай 10000 теңгеге дейінгі соманы құрауда.

«БАҚЫТТЫ ОТБАСЫ» БАР

Айта кететін тағы бір мәселе, заңға енгізілген өзгеріске сәйкес, көп балалы, толық емес және мүгедек баланы асыраушы отбасылар үшін «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгерістер енгізілді. Сөйтіп, «Бақытты отбасы» бағдарламасы қабылданды. Онда жоғарыда аталған отбасылар баспананы жеңілдетілген несиемен ала алады. Яғни, жылына 2%-бен, 10 пайыз бастапқы жарнаны төлеп, 20 жылға баспананы несиеге рәсімдейді.
— Бағдарлама бойынша Шымкент қаласына бөлінген лимитке сәйкес 700-ге жуық азаматқа жолдама берілді. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің мәліметі бойынша банкте жалпы сомасы-4064549,2 теңгені құрайтын 308 азаматтың құжаттарымен төлем қабілеттілігін растау жұмыстары жүргізілуде. 148 несие мақұлданды. Яғни бірі — төлем қабілеттілігін дәлелдейді, екіншісілері — баспана таңдап, соның құжаттарын түгендеп жүр,- дейді Жұлдыз Ордабекова.
Маманнан білгеніміз, кезіндегі қала әкімі Габидолла Әбдірахымов уәде еткен тұрғын үй сертификаты әзірге берілмейді. Жұлдыз Ордабекова ол үшін жергілікті бюджеттен қаржы қарастылымағанын айтады. Қарастырылған жағдайда, әр адамға баспананың алғашқы жарнасын төлеуге 1 млн теңгеге дейін қаржы берілетін болады. Бірақ бұл қаржыға кез келген жанның қолы жетпейді. Оны алудың да өз талаптары бар.

1514 ПӘТЕР БЕРІЛМЕК

Сонымен Шымшаһарда қанша тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр? Оның қаншауы жыл соңына дейін пайдалануға берілмек? Бұл сауалдың жылдар бойы кезекте тұрған кез келген шымкенттікті мазалайтыны жасарын емес. Шымкент қалалық құрылыс басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, қала бойынша 132 тұрғын үйдің (6513 пәтер) құрылысы жоспарланған. Ол үшін республикалық бюджеттен — 11,96 млрд теңге, қалалық бюджеттен — 1,2 млрд теңге, «Бәйтерек» АҚ-нан (облигациялық қаржы) — 11,5 млрд теңге, «Баспана» АҚ-нан (облигациялық қаржы) — 10,0 млрд теңге бөлініпті. Мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаржыға — 83 тұрғын үй (4594 пәтер), жеке салушылар есебінен — 49 тұрғын үй (1919 пәтер) салынбақ.
Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Өтенбаевтың айтуынша, басқарманың тапсырысы аясында, бүгінде мемлекет қаржысына 59 тұрғын үйдің (3578 пәтер) құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде:
– 35 тұрғын үй (2232 пәтер) кредиттік негізде;
– 24 тұрғын үй (1346 пәтер) арендалық негізде беріледі.
Ағымдағы жылы осы 59 тұрғын үйдің 26-сы пайдалануға беріледі. Оның 11 тұрғын үйі (656 пәтер) кредиттік, 15 тұрғын үйі (858 пәтер) арендалық. Осылайша 1514 шымкенттік пәтерлі болады деген сөз.
Бұдан бөлек «7-20-25» бағдарламасы аясында «SHYMKENT» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы” АҚ тарапынан жалпы құны 12,7 млрд теңгеге 24 тұрғын үйдің, құрылысы басталған. Бұл дегеніміз — 1016 пәтер.
Жеке инвесторлар есебінен 49 тұрғын үйдің (1919 пәтер) құрылысы жүргізілуде. Ағымдағы жылы соның 26-сын (1293 пәтер) пайдалануға беру жоспарда бар.

Айтпақшы…

Жастарға да жағымды жаңалық бар. Жастар жылында біраз жас баспаналы болғалы тұр. Себебі, жастарға пәтер беру ережесі қабылданды. Енді өкілетті органдар осы бағытта жұмыс істейтін болады.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №37, 11 қыркүйек 2019 ж