«Санатыңыз өзгерді. Келіп өтініш жазып кетіңіз». Тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы шымкенттік аналарға осындай тектес хабарламалар келуде. Құзырлылар мұны көпбалалы отбасыларға арналған арнайы санаттың пайда болуымен байланыстырады. Айтуларынша, ҚР «Тұрғын үй қатынастары» туралы заңына толықтырулар мен өзгерістер енгізілген. Нәтижесінде, коммуналдық тұрғын үй қорынан баспаналы болуға ниеттенген әлеуметтік осал топтағы көпбалалы отбасылар үшін арнайы санат құрылып, олар өз алдына кезек құрайды.
4130 КӨПБАЛАЛЫ ОТБАСЫ КЕЗЕКТЕ ТҰР
Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңында коммуналдық тұрғын үй қорынан баспаналы болуға:
– Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары;
– Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
– Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары;
– Мемлекеттік, әскери және бюджеттік ұйым қызметкерлері;
– Жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған азаматтар құқылы делінген еді. Алайда, 2019 жылдың 6 мамарында аталмыш заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы есепке алу және тұрғын үйлерді бөлу бөлімінің басшысы Жұлдыз Ордабекованың айтуынша, нәтижесінде халықтың әлеуметтік жағынан осал тобына жататын 11 категоряның біреуі, яғни 4 және одан көп баласы бар отбасылар, «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана», «ІІ дәрежелі Ана даңқы» ордендерімен марапатталғандар ол санаттан шығарылып, бөлек өз алдына 6-шы санатты құрайды.
Шымкентте 39099 адам тұрғын үй кезегінде тұр.
– Елімізде 4 және одан көп баласы бар аналар көпбалалы болып табылған. Қазіргі таңда енгізілген өзгерістерге сәйкес құрамында бірге тұратын кәмелетке толмаған төрт және одан көп балалары, оның ішінде кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар отбасы болып өзгертілді.
Елбасының тапсырмасына және заңға енгізілген өзгеріске сәйкес, осы категориядағылардың бөлек тізімі жасалды. Нәтижесінде 4 және одан көп баласы бола тұра, басқа санатта тіркелген отбасылар анықталып 6-шы санатқа ауыстырылды-дейді Жұлдыз Ордабекова.
Маман көпбалалы отбасылардың бөлек санат болып өз алдына шығуы өзге санаттағылар үшін де, өздері үшін де тиімді екенін айтады. Осылайша кезекте тұрғандардың кезегі бірнеше есеге қысқарған. Маманның берген мәліметінше бүгінде жаңа санатта 4130 көпбалалы ана кезекте тұр.
Кезекке тіркеуге бас тарту негiздерi
Жалғыз тұрғынжайы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен авариялық деп танылған азаматтарға тұрғынжайы авариялық деп танылған елді мекеннен тыс жерде өтініш білдірген кезде, сондай-ақ, егер азаматтың соңғы бес жылдың iшiнде өз тұрғын үй жағдайларын қасақана нашарлатуы салдарынан мынадай жолдармен мұқтажға айналғаны:
– тұрғын үй-жайын ауыстырғаны;
— оның Қазақстан Республикасының белгiлi бiр елдi мекенiнде орналасуына қарамастан, өзiне меншiк құқығымен тиесiлi, тұру үшiн жарамды тұрғын үйдi иелiгiнен шығаруы;
— тұрғын үйдiң өз кiнәсiнен бұзылуы немесе бүлiнуi;
— тұрған кезiнде оның мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж болмаған кезде тұрғын үйiнен кетуi;
— жұбайынан, кәмелетке толмаған және еңбекке жарамсыз балаларынан, сондай-ақ еңбекке жарамсыз ата-аналарынан басқа адамдарды тұрғызғаны анықталса, мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғынжай беру үшiн есепке қоюдан бас тартылады.
Кезекте тіркелген азаматтарды төменде көрсетілген жағдайлар орын алған кезде тұрғын үйге мұқтаждар есебiнен шығару жүзеге асырылады:
1) мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй берiлуi үшiн негiздер жойылған, яғни санатын жоғалтқан, мұқтаждығы жойылған жағдайларда;
2) басқа елдi мекенге тұрақты тұру үшiн кеткен немесе мемлекеттік кәсіпорындағы немесе мемлекеттік мекемедегі еңбек қатынастарын тоқтатқан;
3) азамат мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй берiлуiне мұқтаждығы туралы шындыққа сай келмейтiн мәлiметтер берген;
4) жер учаскесiн алған және өзiнiң тұрғын үйiн салуды аяқтаған немесе тұрғын үй сатып алған жағдайларда.
ҮЙЛЕР САТЫП АЛУ ҚҰҚЫҒЫНСЫЗ БЕРІЛЕДІ
Жұлдыз Ордабекованың сөзінен түсінгеніміз, кезекте тұрған ҰОС ардагерлері мен мүгедектері, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және көп балалы отбасы санатындағылар бірінші кезекте тұрғын үймен қамтылуы керек. Қалған пәтерлер қалған санаттағылар арасында пропорционалды түрде бөлінеді. Осы принциппен ағымдағы жылдың сәуір-маусым айларында 189 орам «Шымсити» шағынауданында пайдалануға берілген 540 пәтердің 108-і жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, 177-сі көпбалалы отбасыларға берілді. Қалған пәтерлерге кезекте тұрған өзге санаттағылар қол жеткізген. Жыл соңына дейін тағы да 828 пәтер пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұл пәтерлер де дәл сол принцип бойынша кезекте тұрғандардың арасында үйлестірілетін болады.
Ескеретін жайт, тұрғын, үй қорынан үйлестірілетін пәтерлер «Нұрлы жер» бағдарламасының талаптарына сай сатып алу құқығынсыз жалға беріледі. Оның ақысы шамамен ай сайын бөлме саны мен шаршы метріне қарай 10000 теңгеге дейінгі соманы құрауда.
Әлеуметтік осал топ деген кімдер?
Халықтың әлеуметтік жағынан осал тобына төмендегі 10 категория кіреді:
1.Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілгендер;
2. 1 және 2 топ мүгедектері;
3. Мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеушi отбасылары;
4. Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтетiн аурулар тiзiмiнде аталған кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын адамдар;
5. Жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер;
6. Кәмелетке толғанға дейiн ата-аналарынан айырылған жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
7. Оралмандар;
8. Экологиялық зiлзалалар, табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйiнен айырылған адамдар;
9. мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмiрiн құтқару кезiнде, құқық тәртiбiн қорғау кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары;
10. толық емес отбасылар жатады.
«БАҚЫТТЫ ОТБАСЫ» БАР
Айта кететін тағы бір мәселе, заңға енгізілген өзгеріске сәйкес, көп балалы, толық емес және мүгедек баланы асыраушы отбасылар үшін «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгерістер енгізілді. Сөйтіп, «Бақытты отбасы» бағдарламасы қабылданды. Онда жоғарыда аталған отбасылар баспананы жеңілдетілген несиемен ала алады. Яғни, жылына 2%-бен, 10 пайыз бастапқы жарнаны төлеп, 20 жылға баспананы несиеге рәсімдейді.
— Бағдарлама бойынша Шымкент қаласына бөлінген лимитке сәйкес 700-ге жуық азаматқа жолдама берілді. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің мәліметі бойынша банкте жалпы сомасы-4064549,2 теңгені құрайтын 308 азаматтың құжаттарымен төлем қабілеттілігін растау жұмыстары жүргізілуде. 148 несие мақұлданды. Яғни бірі — төлем қабілеттілігін дәлелдейді, екіншісілері — баспана таңдап, соның құжаттарын түгендеп жүр,- дейді Жұлдыз Ордабекова.
Маманнан білгеніміз, кезіндегі қала әкімі Габидолла Әбдірахымов уәде еткен тұрғын үй сертификаты әзірге берілмейді. Жұлдыз Ордабекова ол үшін жергілікті бюджеттен қаржы қарастылымағанын айтады. Қарастырылған жағдайда, әр адамға баспананың алғашқы жарнасын төлеуге 1 млн теңгеге дейін қаржы берілетін болады. Бірақ бұл қаржыға кез келген жанның қолы жетпейді. Оны алудың да өз талаптары бар.
ҚҰЖАТЫҢЫЗДЫ ҚҰНТТАҢЫЗ!
Кезекке тіркелу үшін тапсырылатын қажетті құжаттар тізімі:
есепке қою туралы өтініш;
өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат (өтініш берушінің жеке басын сәйкестендіру үшін ұсынылады) және өтініш берушімен үнемі бірге тұратын отбасы мүшелерінің (болған жағдайда) жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелері;
азаматтық хал актілерін (туу, қайтыс болу, неке қию (ерлі-зайыпты болу), некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу, бала асырап алу, әке (ана) болуды анықтау, атын, әкесінің атын және тегін өзгерту) мемлекеттік тіркеу туралы куәліктердің көшірмелері.
Өтініш берушінің отбасы мүшелері деп басқа адамдар танылған жағдайларда, соңғылары оларды өтініш берушінің отбасы мүшелері деп тану туралы сот шешімінің көшірмесін ұсынады;
өтініш берушіде және онымен үнемі бірге тұратын отбасы мүшелерінде жылжымайтын мүліктің болмауы (болуы) туралы аумақтық әділет органының анықтамалары.
Өтініш берушіде және/немесе оның өтінішке енгізілген отбасы мүшелерінде жеке меншік құқығында тұрғын үйдегі үлесі болған кезде құқық белгілеуші құжаттардың көшірмелері ұсынылады;
мекенжай анықтамасы;
халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына жататын азаматтар қосымша өтініш берушінің (отбасының) халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына жататынын растайтын құжатты, сондай-ақ отбасының әрбір мүшесіне (мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелейтін отбасыларды қоспағанда) соңғы он екі ай ішіндегі табысы туралы мәліметтерді ұсынады;
мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері және мемлекеттік сайланбалы қызмет атқаратын адамдар жұмыс орнынан (қызметтен) анықтаманы қосымша ұсынады. Ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер Қазақстан Республикасының Үкіметі беретін мәртебесін растайтын құжатты ұсынады;
жалғыз тұрғын үйі авариялық жағдайда деп танылған азаматтар жергілікті атқарушы органның тиісті анықтамасын ұсынады;
отбасы тұратын тұрғын үй белгіленген санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сай келмеген жағдайда, өтініш беруші санитариялық-эпидемиологиялық қызмет ұйымы жүргізген санитариялық-эпидемиологиялық сараптаманың нәтижелері бойын-ша халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі берген санитариялық-эпидемиологиялық қорытындының түпнұсқасын қосымша ұсынады;
отбасы тұратын тұрғын үй белгіленген техникалық талаптарға сай келмеген жағдайда, өтініш беруші сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы аттестатталған сарапшының техникалық қорытындысының (тұрғын үйді техникалық зерттеп-тексеру нәтижелері бойынша) түпнұсқасын қосымша ұсынады;
жапсарлас, оқшауланбаған тұрғын үй-жайларда екі және одан көп отбасы тұрып жатқан жағдайда, өтініш беруші өзі тұратын тұрғын үй-жайдың техникалық паспорты мен құқық белгілейтін құжатының көшірмелерін қосымша ұсынады;
отбасы құрамында кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерімен ауыратын науқастар бар, бір үй-жайда (пәтерде) олармен бірге тұру мүмкін болмаған жағдайда өтініш беруші тиісті ауру түрін растайтын құжатты қосымша ұсынады.
1514 ПӘТЕР БЕРІЛМЕК
Сонымен Шымшаһарда қанша тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр? Оның қаншауы жыл соңына дейін пайдалануға берілмек? Бұл сауалдың жылдар бойы кезекте тұрған кез келген шымкенттікті мазалайтыны жасарын емес. Шымкент қалалық құрылыс басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, қала бойынша 132 тұрғын үйдің (6513 пәтер) құрылысы жоспарланған. Ол үшін республикалық бюджеттен — 11,96 млрд теңге, қалалық бюджеттен — 1,2 млрд теңге, «Бәйтерек» АҚ-нан (облигациялық қаржы) — 11,5 млрд теңге, «Баспана» АҚ-нан (облигациялық қаржы) — 10,0 млрд теңге бөлініпті. Мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаржыға — 83 тұрғын үй (4594 пәтер), жеке салушылар есебінен — 49 тұрғын үй (1919 пәтер) салынбақ.
Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Өтенбаевтың айтуынша, басқарманың тапсырысы аясында, бүгінде мемлекет қаржысына 59 тұрғын үйдің (3578 пәтер) құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде:
– 35 тұрғын үй (2232 пәтер) кредиттік негізде;
– 24 тұрғын үй (1346 пәтер) арендалық негізде беріледі.
Ағымдағы жылы осы 59 тұрғын үйдің 26-сы пайдалануға беріледі. Оның 11 тұрғын үйі (656 пәтер) кредиттік, 15 тұрғын үйі (858 пәтер) арендалық. Осылайша 1514 шымкенттік пәтерлі болады деген сөз.
Бұдан бөлек «7-20-25» бағдарламасы аясында «SHYMKENT» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы” АҚ тарапынан жалпы құны 12,7 млрд теңгеге 24 тұрғын үйдің, құрылысы басталған. Бұл дегеніміз — 1016 пәтер.
Жеке инвесторлар есебінен 49 тұрғын үйдің (1919 пәтер) құрылысы жүргізілуде. Ағымдағы жылы соның 26-сын (1293 пәтер) пайдалануға беру жоспарда бар.
Айтпақшы…
Жастарға да жағымды жаңалық бар. Жастар жылында біраз жас баспаналы болғалы тұр. Себебі, жастарға пәтер беру ережесі қабылданды. Енді өкілетті органдар осы бағытта жұмыс істейтін болады. Бұл жайында толығырақ келесі сандарда оқи аласыз.
Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ