Келіндер қауымдастығы құрылады

534

Күнгейлік инста-келіндер «ДАРА» атты қыз-келіншектер қауымдастығын құрмақ. Осы мақсатта 20-ға жуық келін Шымкенттегі Кәусар-3 шайханасында бас қосып, өңірдегі келіндер арасындағы өзекті мәселелерді ортаға салды. Жиналғандардың арасында инстаграм арқылы есімі елге танылғандары және енді танылып келе жатқандары да бар. Олар енді жеке парақшаларын қоғамға пайдасын тигізу мақсатында қолданады. Осылайша өздері сияқты көптеген келінге үлгі болуды мақсат етеді. Сонымен ауыл келіндерінің мыңдаған оқырман жинауының сыры неде? Жаңа қауымдастықтың бағыты қандай ? Жауабын арнайы жиында білдік.

«ИНСТАГРАМНЫҢ КҮШІНЕ КӨЗІМ» ЖЕТТІ

Бұл жиын алды 150 мың соңы 10 мыңға жуық жазылушысы бар келіндердің басын қосты. Парақ-шасында жазылушылары көп Айдана Ыбырай, Эльмира Тұрымқызы сынды белсенді, есімі елге танылып үлгірген келіндердің ақыл-кеңесін тыңдау үшін отбасындағы тірлігін тындырып, күйеуі мен енесінің рұқсатын алып келген келіндердің жүздері жылы. Барлығы бір-бір шаңырақты шаттыққа бөлеп, тыныштығын ұстап отырған нәзік жанды арулар. Әрқайсысының бойында ерекше бір қасиет бар. Бірі бармағынан бал тамған аспаз болса, енді бірі он қолынан өнер тамған қолөнер шебері. Білгендерін үйретіп, білмегенін үйренуге келген жас келіндер «Дара» қыз-келіншектер қауымдастығына мүше болуға дайын.

Айдана Ыбырай – Төлеби ауданына қарасты Нысынбек ауылының келіні. Ол ауыл тұрмысын инстаграмға алып келген алғашқы келін екенін газетіміздің алдыңғы сандарында жазғанбыз. Парақшасында 150 мыңнан астам жазылушысы бар. Боямасыз, шынайы ауыл тіршілігімен таныстыратын жазбалардың авторы қазір елдің сүйіктісіне айналып үлгерген. Жасандылықтан жұрдай жарқын жүзді жас келін интернет түгіл телефон желісі әрең ұстайтын ауылда тұрса да, оқырмандарын күттірмей жазбасын жариялаудың амалын табады. Отбасының берекесін кіргізіп, енесінің тілін тауып, күйеуінің көңілінен шығып жүрген ақ келін сонша қарбалас тіршіліктің арасынан бұл жинға да уақыт тауып келіпті. Келіншектердің басын қосуының себебін ол былай түсіндірді.
– Біз күнгейлік келіндер өзіміздің ұлттық мерекеміз Наурыз тойын ұйымдастырып өткізгеннен бері менде бір ой пайда болды. Сол кезде мені қазақ келіншектерінің көркі, ұлттық киімдеріміздің әдемілігі, тіпті басымыздағы орамалдың өзі маған ерекше әсер сыйлады. Сол кезден бастап мен басыма талай ойлар келді. Соншама оқырманым бар. Бірі болмаса да, біріне үлгі болып жүргенім анық. Неліктен өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізді насихаттайтын жазбалар жазып, әшекейлерімізді, ұлттық киімдерімізді өзім сияқты қыз-келіншектерге насихаттамасқа деген ой келді. Және қазір солай жасап та келемін. Нәтижесі жаман емес. Жекеме шығып қызығушылық танытып жатқандар өте көп. Мен бұған ерекше қуанып қалдым. Ынтам еселеніп, өзім де ізденіп, үлкендерден сұрап білгенімді оқырмандарыммен бөлісіп жүрмін. Менің де әлі білетін, үйренетін нәрсем көп. Басқа бір келіннің білетінін мен білмеуім мүмкін. Менің білетінімді ол білмеуі мүмкін. Сондықтан да осы қауымдастықты құрып, «қыз-келіншектер етене аралассақ, қоғамға сәл де болсын пайдамызды тигізсек» деген ниетіміз бар. Инстаграм қазір әлеуметтік желілер арасында өте үлкен күшке ие. Оны өзіңіз де білесіз. Неге біз осы күшті дұрыс бағытта өз пайдамызға жаратпасқа?! Мысалы сізге айтайын, мен өз парақшамның пайдасын Арыс оқиғасы кезінде көрдім. Анасынан, балсынан көз жазып қалған жандардың бір-бірін табуына көп көмек болды. Мыңдаған оқырманым болғандықтан, олар мен жазба жариялаған сәтте көмектесіп, жоғалған адамдарды бір-бірімен қауыштыру үшін барын салды. Сол кезде инстаграмның күшіне тағы бір рет көзім жетті. Оқырмандарымнан Арысқа көмекке менің шотыма 1 миллионға жуық қаржы жиналды. Мен оны сол кезде баспанасынан айрылып қиналған ағайындарымыздың біразына бөліп бердім. Әрине, оқырман сенімі маңызды болғандықтан қанша қаражаттың қайда жұмсағаным жайлы есеп те беріп отырдым. Қазір де келіндер бір-бірімізбен білгенімізді бөлісіп, бірінің отбасылық мәселесін шешуге, бірінің жұмыс тауып кетуіне енді бірінің ұлтымызға ғана тән әдет-ғұрып және салт-дәстүрімізді түсіндірсек, тағы біріне қазіргі кезде қоғамда өзекті мәселеге айналған ене мен келін қарым-қатынасын көрсетсек, бұл жақсы нәтижесін бермей қоймас еді,-дейді Айдана Ыбырай.

100 МЫҢ ОҚЫРМАНЫ БАР ЭЛЬМИРА

Үлгілі келіннен үлгі алып, парақшасын тек шынайы жүргізуді қолға алғандар көп. Соның бірі – Шымкент қаласының келіні Эльмира Тұрымқызы. Инстаграм желісіне тіркелгеніне көп болмаса да оқырмандары көп. Небәрі жарты жылдың ішінде 100 мыңға жуық жазуылушы жинап үлгерген. Психолог маманның бағыты басы ауырып балтыры сыздаған нәзік жанды аруларға қолдау көрсету.

– Қазіргі заманның келіндері үйде отырып-ақ ақша тапқысы келеді. Солай жасап та жатырмыз. Біз үйде отырып саусақтарымызды қимылдатып, инстаграм арқылы қаржыны алып жатырмыз. Өкінішке қарай, көп келіннің ойы осында. Ақша табу үшін оқырмандарына ұнауға тырысып, олардың назарын өздеріне аударып отыр. Дұрыс, қаржы таппасын демеймін, тапсын. Бірақ біз осы жеке парақшамызда ақша табу көзіне айналдырудан бөлек неге қоғамға пайда тигізу мақсатында да қолдана алмаймыз? Солай жасауға да болады ғой. Сондықтан да біздің жиынымыздың басты бағыты сол мақсатта болып отыр. Тек ақшаға құнығып қана отырсақ, бұл – жасандылық. Ақыры инста келіндерді халық шынайылығы үшін жақсы көреді ғой. Сондықтан елдің сенімінен шыға білуіміз керек. Мен психолог маманы болғандықтан, жазылушыларыма психологиялық кеңес беремін. Менен ақыл-кеңес сұрап жазған аруларымызға түн ортасында болсын жауап жазамын. Өмірден шаршаған қыз-келіншектеріміздің көптігі менің жанымды ауртады. Сіз маған күніне қаншама жан демеу сұрап хат жазатын адамдардың санын білмейсіз ғой. Олар өте көп. Біз сондай жандарға көмек қолын созуымыз керек. Шаңырағы шайқалғалы тұрған отбасына қайта шаттық орнауына көмектесуіміз керек. Бұл – біздің міндетіміз. Олар біздің қолдауымызға зәру. Қауымдастықтың тағы бір бағыты осындай тағдырдың тәлкегіне ұшыраған жандарды өмірде ұстап қалуға жәрдемдесу. Бізде анасымен сырласатын қыздар көп емес. Ата-ана қыздарымен ашық сөйлеспейді. Ерлі-зайыптылар бір-бірін түсінбейді. Мұның себебі де ашық сөйлеспеуінде. Міне, біздің қауымдастық осы жағына да ден қойып отыр. Қыз-келіншектер арасында түрлі бағытта іс-шаралар өткізсек, оның тигізер пайдасы зор болар еді. Мысалы соңғы бір айдың ішінде оншақты отбасын ажырасудан аман алып қалдым. Бұл – менің жалғыз жеткен жетістігім. Ал бәріміз болып атсалыссақ бұл үлестің өсуі сөзсіз. Сондықтан да, өңіріміздің нәзік жанды аруларын біздің қауымдастыққа мүше болуына шақырамын,-дейді Эльмира.

Жиын барысы осындай маңызды мәселелерді талқылаумен өтті. Келіндердің бастамасы жаман емес. Олардың жанып тұрған көздері үлкен үміт күттіреді. Мақсаттары – өздеріне сенген оқырман санын одан әрі арттырып, басқаларға пайдасын тигізу. «Дара» қыз-келіншектер қауымдастығына мүше болып, аянбай еңбек ету. Біз өз кезегімізде қазақ келіндерінің бастамасына тек қана сәттілік тіледік. Ал, сіздің осы қауымдастыққа мүше болғыңыз келмейме, қазақ келіні!

Жанерке ХУМАР

«Оңтүстік Рабат», №35, 28 тамыз 2019 ж