Қазақстан халықтарының тілдері күні Абай атындағы орталық кітахана ғимаратында заманауи білім орталығының ашылу рәсімі өтті. «Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі – халықтың білімге деген құштарлығын арттыру болса, бұл орталықтың ашылуы оның бір бөлшегі бола алады. Салтанатты жиынға келген қонақтар орталықтың ерекшелігімен танысып, артықшылығын біліп қайтты.

Елден ерек, білімді, зерек болуға бағыттайтын коворкингтің ашылу салтанатына «Нұр Отан» партиясының Шымкент қаласы филиалының төрағасы Бахадыр Нарымбетов бастаған өңірдің бір топ зиялы қауым өкілдері, кітапханашылар мен оқырмандар қатысты.

Бұл орталық, басқа орталықтан өзгерек. Ерекшелігі сол – кітапқұмар қауым кітапхананың материалдық базасын сағаттап парақтамай ғаламтор желісі арқылы жылдам қол жеткізе алады.

Кітаптан сусындаған білім жүректің тереңінен орын алатынын меңзеген зиялы қауым өкілдері бұл бастаманың оңтайлы тұстарын атап өтті. 70-ті алқымдаған ардагердің айтуынша жас ұрпақ әдебиетпен сусындап өссе, болашағымыз берік боларына сенімді.

«Ғаламтор желісі, техникалық базаның электронды нұсқасы жүйелі жұмыс жасап тұр» дейді кітапханашылар. Сондай-ақ, келушілер караоке арқылы ән айтып, бір сергіп алуына да жағдай жасалған екен. Шара жас оқырмандардың мерекеге арнаған тартуымен жалғасып, құлақ құрышын қандырар әсем әнмен мәресіне жетті.

Гүлнұр Әмірәлі