Елімізде бидайдан кейінгі стратегиялық маңызы бар экспорттық ауыл шаруашылық өнімі мақтаға деген көзқарас кейiнгi жылдары едәуiр төмендеп кетті. Бұл нанын ақ алтыннан тауып отырған жетісайлық диқандардың пікірі. Бірнеше жыл бұрын гектарына 25 мың теңгеден субсидия алатын шаруалар, бұл жолы қаражаттан қысылып отыр. Мақта экспорттаушы компаниялардың қолдауы ғана, көңілге демеу. Субсидияның тұрақтандыру үшін заңды қатаңдату керек пе?
Еткен еңбектің тәтті нанын жеу, жетісайлық шаруаларға қиындай түсті. Себебі, жыл сайын берілетін мемлекеттік субсидияны былтырғы жылдан бастап алмаған. Заң шеңберінде тек мақта өңдеуші зауыттарға өнімін берген шаруалардың қолына ғана қаражат тиеді. Ал, зауытпен тікелей жұмыс жасау қолайсыз дейді шаруалар.
Дүйсенбек Қырбасов, шаруа: «Субсидияны мемлекет тарапынан берген, бірақ, бәріне емес. Өндірістік коорпаративтердің бір, екісі ғана алды. Қалған шаруалардың біреуі де алған жоқ. Игерілмеді деді де мемлекетке қайтадан өтіп кетті. Біздің талап, өтінішіміз субсидия әр шаруаның өз есепшотына берілсін. Бізге зауытпен емес, трейдерлермен жұмыс жасаған жақсы».
Екі мыңыншы жылдары ашылған мақта зауытының жұмысы сол күйі қарқын алып кете алмай отыр. Арасында бір жабылып, қайта іске қосылған кәсіпорын басшылары да кәсіпорынның жалғыз өзі ақ алтын дайындаудың үдесінен шыға алмайтынын мойындап отыр.
Жұмағали Аязханов, «Багара-мақта» зауытының басшысы: «Шынын айтқанда зауыт өзі алып кете алмайды. Трейдер компанияларының арқасында ғана қаншама халық, 300-400 адам жұмыс істеп жатыр. Келешек осы компанияларды қолдауымыз керек».
Қазір диқандардың әжетіне жарап тұрған «Алаулы» ЖШС-і. Жылына 35 мың тоннаға жуық шитті мақта дайындайтын серіктестік оны тіпті Қытай, Молдова, Ресей секілді елдерге экспортқа да шығарады. Жергілікті диқандардың шитті екеннен бастап ақ ұлпаны жинап алғанға дейінгі ала жаздай еңбегіне қажетті қаражатты болашақ өнім есебінен қарызға беретін де осылар. Сондықтан кіммен әріптес боларын мемлекет міндеттемей, шаруаның өзі шешсе дейді. Ол үшін субсидия әр қожалықтың жеке есеп шотына түсуі тиіс.
Бақтияр Қозыбаев, «Алаулы» ЖШС -і мақта дайындау бөлімінің басшысы: «Не үшін компанияға өткізуі қажет? Себеп біреу-ақ. Біріншіден жағдай. Екінші — баға. Қазірден бастап аванс беріледі. Зауыттың ондайға шамасы жоқ. Мемлекет беріп жатқан субсидия шаруаның өзіне тиюі керек. Зауыттан былтырға ақшаны ала алмағандар көп».
Мақта шаруашылығына берілетін субсидия туралы заңға өзгеріс керек дейді диқандар. Айтуларынша, заңнамалық құжатта мақтаның күріш, бидай, қызылша секілді дақылдармен араласып кетуі егіншілердің еңбегін еш кетіп жатыр.