Ұлттық банктің Түркістан облыстық филиалы ғимаратын жағалап жүргендер банктегі кредиті кешірілмеген азаматтар.
Қалалықтардан бөлек аудандардан келгендер де бар. Жұмакүл Парпиева Түлкібас ауданының тұрғыны. Мүмкіндігі шектеулі баланы асырап отырған екінші топтағы мүгедек тізімге енбегеніне қайран.
Жұмакүл Парпиева, Түлкібас ауданының тұрғыны: «Міне кітапшаларымыз. Балам екеміз де мүмкіндігі шектеулілер қатарынанбыз. Өзім де, күйеуім де, үлкен балам да қарыз алғанбыз. Көп емес, 1 млн. теңгеге дейін. Балам үй салып жатқан соның кірпіштеріне деп алған едік».
Хоум банк өкілдері борышкерді Шымкентке жіберген. Ұлттық банктегі жауаптылар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жауапты деп ат тонын ала қашты.
Әбілғазы Қалназаров, ҚР ҰБ Түркістан облысы бойынша филиалының бөлім бастығы: «Біз несиелері кешірілетін тұлғалардың тізімін жасамаймыз, құзырымызға кірмейді. Оны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жергілікті жерлерден көпбалалы, мүгедек балары бар отбасыларының тізімінен жасақтаған. Біз қарыздардың толықтай кешірілгенін қадағалаймыз».
Үкімет бекіткен Кепілсіз тұтыну кредиті бойынша қарыздарды кешірілетін тұлғалар:
Көпбалалы отбасылар; Асыраушысынан айырылып, жәрдемақы алып отырған отбасылар; Мүгедек-балалары бар, 18 жастан жоғары жастағы мүгедектерді асырап отырған отбасылар; Атаулы әлеуметтік көмекті алушылар;
Жетім-балалар; Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, кәмелет жасқа дейін ата-анасынан айырылған 29 жасқа дейінгі азаматтар.
Бұл тізімде бар, алайда қарызы кешірілмеген мүгедек балалары бар, 18 жастан жоғары жастағы мүгедектерді асырап отырған отбасылары және бірқатар көпбалалы жанұялардың мәселесі қайта қаралады.
Әбілғазы Қалназаров, ҚР ҰБ Түркістан облысы бойынша филиалының бөлім бастығы: «9 қыркүйекте баспасөз мәслихатында вице-министр қарызы кешірілетіндердің қосымша тізімі жасалынатынын айтқан болатын. Тізімге енгізу үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне арыз жазу керек. Бұл мәселемен 11-ші қыркүйектен бастап жергілікті әкімдіктер айналысады».
Үкімет бекіткен тізімдегі санатқа жататын азаматтардың кепілсіз тұтыну кредит бойынша қарыздары кешірілуі мүкін. Бұл мәселемен банктен қарыз алғандар Шымкенте келіп әлек болмай тұрғылықты мекенжайы бойынша әкімдіктерден біле алады.
Шынар Оразова