НЗМ түлегі грант ұтып алды

155

Шымкент қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі Мураджан Мухитдинов 500 мың теңге көлемінде талантын дамытуға арналған грант ұтып алды. Бұл – үлкен жетістік. Мұндай гранттар тек спорт пен өнер саласында жоғары нәтижеге қолжеткізген студенттерге ғана беріледі.

«PolyU-да мен сапалы білім аламын. Сонымен қатар, спортпен де белсенді түрде айналысып жүрмін. Гонконгта дзюдодан өткен ресми жарыстарда медальдар жеңіп алдым. Қазір мен 10 түрлі қауымдастықтар мен клубтардың мүшесімін. Бұл жұмысым маған өзімнің барлық әлеуетімді ашуға және жаңа жетістіктерге жол жетуіме мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мен ЖОО 80 жылдығына арналған салтанатты асқа университет президенті Тимоти Тонгтың жеке шақыртуына ие болдым», – деді Мураджан.

Гонконгта оқыған 3 жыл ішінде қазақстандық студент білім саласындағы жетістіктері үшін 15 сертификатқа ие болды. Дзюдодан 6 медаль мен кубоктары да бар. Оның ішінде 1 алтын, 3 күміс және 2 қола. Ал басты жеңісі бұл — «Университет жұлдызы» атағы.

«PolyU-дің ең белсенді студенті ретінде мені «Университет жұлдыздары» жобасына ұсынды. Бұл мен үшін тосын сый болды. Мұндай жеңіс 32 мың қыз-жігіттің ішінде тек 60 бұйырды. Сол тізімде мен де бармын. Кейін университеттің бет-бейнесі ретінде «Global Ambassador» іс-шарасында арнайы президентпен фотосессияға шақырды. Бұл жерде бізге ресми қызыл пиджак пен университет туы берілді», – дейді НЗМ түлегі.
Бүгінде болашақ инженер беделді политехникалық университеттің дипломын алып, еліне тәжірибелі маман болып оралуды армандайды.