Ағымдағы жылдың қыркүйегінде Арыс аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғынның бірі хабарласып, жол көлік оқиғасы болғанын баяндайды. Оқиға орнына бірден бағыт алған полицейлер ол жерден мәйітті көреді. Ал, жүргізуші болса, оқиға орнынан бірден ізін суытқан.

Осылайша, мәйітке қатысты тиісті жұмыстар жүргізіліп, оқиға орнына тексеру шаралары жасалады. Ол жерді тексеру кезінде полицейлер айғақты зат ретінде көліктің алдыңғы нөмірін тауып алады. Сонымен қатар, басқа да ұсақ түйектерге дейін мән беріп, тиісті жұмыстарды атқарады.

Аталған жайт Арыс АПБ СДТБТ-ға тіркеуге алынып, ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» және 347-бабы «Жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетіп қалу» бойынша қылмыстық іс қозғалады.

Полицейлер сол күні-ақ көліктің кімге тиесілі екенін анықтайды. Сондай-ақ, Түркістан облысы бойынша барлық қала, аудандық полиция басқарма, бөлімдеріне күдіктіге қатысты хабар береді.

Қылмысты ашу үшін жедел әрекет еткен полицейлер Ордабасы ауданынан әлгі күдіктінің көлігін табады. Тексере келе көлікті тастап кеткендігі белгілі болады. Осыдан соң, Арыс ауданының полицейлері күдіктіні тез арада құрықтауға көшеді. Көп ұзамай екінші күні Төлеби ауданы Леңгір қаласындағы көшелердің бірінен әлгі күдікті қолға түсіреді.

Тексере келе, күдікті Шымкент қаласының тұрғыны болып шығады. Бүгінгі таңда ұсталған азамат қамауда. Арыс АПБ Криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі полиция лейтенанты Шәкім Ермек пен учаскелік полицей полиция аға лейтенанты Қанат Сасов қылмыстық істі ашып, күдіктіні құрықтауда өз қырағылықтарын көрсете білді.

Аталған іс бойынша барлық материалдар жинақталып, сотқа жолданды.
Түркістан облысының полицейлері жолда жүрген кезде абай болуды және көлік тізгіндеген азаматтарға жылдамдықты асырмауды ескертеді. Ескертуді елемеген жағдайда, өзіңіз бен өзгенің өміріне қауіп төндіруіңіз мүмкін.