Ордабасылық тұрғын ауласына есірткі еккен

214

Есірткі құралдарының заңсыз айналымына байланысты қылмыстарды анықтау және азайту мақсатында Түркістан облысы Полиция департаменті қызметкерлері есірткі сақтау және өткізу фактілерінің алдын алу және жолын кесу, заңсыз есірткі егумен қатар, басқа да заң бұзушылықтарды болдырмау аясында жедел-профилактикалық іс-шарасын жалғастыруда.

Ордабасы АПБ-нің полиция қызметкерлері түрлі қылмыстардың алдын алу бойынша рейдтер, жеделдетілген-профилактикалық іс-шаралар ұйымдастыруда. Осындай рейдтік іс-шаралар жүргізу барысында жергілікті тұрғынның ауласынан түбі қопсытылған, суғарылып бапталған 8-түп жасыл түсті, өзіне тән айрықша иісі бар, есірткі затына ұқсас өсімдіктер табылды.

Куәгерлердің қатысуымен өсімдіктер сараптамадан өткізу үшін тәркіленіп алынды. Тағайындалған сот-криминалистикалық сараптаманың қорытындысына сәйкес, табылған есірткі затына ұқсас заты – тетрагидроканнабинолы бар есірткі құралы «сора» болып шықты.

Есірткі заты 5 кг жуық салмақты көрсетті. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 300–бабы бойынша «Құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз егіп-өсіру» бойынша тіркелді. Күдікті Ордабасы АПБ-не жеткізіліп, бұлтартпау шарасы ретінде «Келу туралы міндеттеме» берілді. Сондай-ақ, күдіктінің аталған есірткі заттарын қандай мақсатпен өсіргені анықталуда. Тергеу амалдары жүргізілуде. Сондай-ақ, «Көкнәр» жеделдетілген-прпофилактикалық іс-шара барысында ТО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері Сарыағаш ауданында есірткі сатумен айналысқан күдіктіні ұстады. Полиция қызметкерлері ұсталғанды тінту барысында күдіктіден полиэтиленді орамадағы жалпы салмағы 8 гр асатын марихуаннаға ұқсас есірткі затын тауып алды.

Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 297-бабы бойынша «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу» бойынша тіркелді. Күдікті қамауда. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.