Пәтер ұрыларының қылмыстық тобы құрықталды

151

Сарыағаш АПБ-нің кезекші бөлімшесіне жергілікті тұрғындар пәтер ұрлығының құрбаны болғаны туралы айтып, арызданады. Ағымдағы жылдың маусым айында жәбірленушілердің бірінің үйіне белгісіз тұлғалар кіріп, миллион теңгеден астам ақша мен алтын бұйымдарын ұрлап кеткенін хабарлайды.

Аталған жайттар СДТБТ-ға ҚР ҚК 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеп, сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастап кетті.
Полиция бөлімінде тәжірибелі полицейлер қатарынан жедел-тергеу тобы құрылды, олар пәтер ұрлығын ашуға белсене кірісті. Тәртіп сақшылары қажетті іс-шаралар кешенін атқарып, соның ішінде жақын маңдағы аумақтарды аралап, куәгерлерден сұрақ жауаптар алып, түрлі жедел іс-шараларды өткізді.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, Сарыағаш АПБ-нің полиция қызметкерлері үш күдіктіні құрықтады. Оның екеуі Шымкент қаласында және біреуі Алматы қаласында ұсталды. Олар Сарыағаш ауданының жергілікті тұрғындары болып шықты.

Күдіктілер үй иелерінің жоқтығын пайдаланып, жәбірленушілердің үйлеріне кіріп, ақша, алтын бұйымдар мен басқа да бағалы заттарды емін еркін ұрлаған. Тергеу барысында ұсталғандардың 14 пәтер ұрлығына қатысы бар екені анықталды. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы сомасы шамамен 3 миллион теңгені құрайды.

Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері қылмыстық топтың басқа да осыған ұқсас ұрлық жайттарына қатыстылығын анықтауда. Күдіктілер қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ұрланған мүліктің бір бөлігі заңды иелеріне қайтарылды.
Сарыағаш АПБ бастығы полиция полковнигі Ермек Нұралиев атап өткендей, Сарыағаш қызметкерлері сарбаздарды (жасақшыларды) тарта отырып жүргізген жедел-алдын алу іс-шараларының арқасында ауданда қылмыс саны, соның ішінде пәтер ұрлығы азайған.

Осыған ұқсас қылмыстық қол сұғушылықтың құрбаны болмау үшін Түркістан облысының полицейлері азаматтарға алдын алу мақсатында тұрғын үйлерде бейнебақылау камералары мен күзет дабылдарын орнатуды ұсынады. Сонымен қатар, терезелер мен есіктерді жауып, тіпті үйден аз уақытқа шыққанда да кілттеп жүру керектігін айтады. Өз тұрғын үйіңіздің терезелеріне темір тор орнатып, ал есіктерді сенімді құлыптармен бекіту қажеттігін ескертеді.

Егер сіз бөтен мүлікті ұрлаудың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, онда сізге тез арада телефон арқылы полицияға жүгіну қажет.