Ауыз су да, ағын су да арманға айналды. Талай жылдан бері жөндеу көрмеген Сайрамдағы автожолды жөндеу кезінде мердігерлер жол астынан өтетін арық құбырын алып тастаған. Салдарынан бір айдан бері суарылмаған 120 үйдің бау-бақшасы көктей солған.

Файзахмет Розметов су келетін арықтың қаңсып тұрғанына бір ай болды дейді. Ала жаздай 6 немересі үшін жайқалтып өсірген бақшасының қазіргі сыйқы мынау. Суды шашпай-төкпей үнемдеп құяды. Себебі, ауыз су тапшы. Күніне бірнеше сағат берілетін тіршілік нәрін құйып алып, ішуге де, жуынуға да, егін суаруға да жеткізу керек.

Файзахмет Розметов, тұрғын: «Жердің бәрі қурап жатыр. Қызанақ та, баклажан да, болгар бұрышы да қурап жатыр. Су жоқ. Суды жығу үшін құбыр қою керек. Оны жұмысшылар алып тастады. Оны қайта қоймаймыз деп отыр».

Ал жолды жөндеп жатқан мердігер компания өкілдері бұл құбырдың жоспарда болмағанын айтады. Қолданыста болған құбырды қайта орната алмайтынын айтады. Себебі, құбыр ескі. Арасынан су атқылап, жаңа салынған жолды зақымдауы мүмкін екен.

Есберген Бердәлі, «ӘлемТрансЖол» компаниясының өкілі: «Мен ешкімге уәде бермеймін. Уәдені Түркістанға басқармаға барып сұраңыздар. Мен сердігермін. Мен жұмыс істеймін. Маған айтады, мен істеймін».

Материал эфирге дайындалып жатқанда редакциямызға құбырдың қайта орнына қойылғандығы жайлы хабар жетті. Десе де, Сайрам тұрғын алабындағылардың ала жаздай еткен еңбегі еш кетті. Су тапшылығы бау-бақшаны тып-типыл еткен.

Меруерт Ахан