Шымқаланың қай бұрышына бармайық, шашылып жатқан қоқыс көреміз. Көше бойы да, көпқабатты тұрғын үйлердің ауласы да, жеке сектор айналасы да қоқысқа толы. Шымкенттіктер мұны тазалық мекемелерінің жұмысына салғырт тығымен және кейбір тұрғындардың тазалыққа қырын қарауымен байланыстырады. Әйткенмен, тазалықшылардың да айтар уәжі бар. Олар кейбір тұрғындардың қоқыс шығару ақысын уақыты төлемейтінін, ендібірі жүрген-отырған жеріне қоқыс тастап кете беретінін алға тартады. Салдарынан, Шымшаһар көшелері мен аулалары қоқыстан көз ашпай келеді.

11 ҮЙГЕ 4 ЖӘШІК

Жеке секторларды айтпағанда, көпқабатты тұрғын үйлердің ауласы қысы-жазы тау-тау боп үйілген қоқыстан көз ашпайды. Жағымсыз иіс қолқаны қабады. Мәселен – «Нұрсәт» шағынауданының тұрғындары осы мәселемен бірнеше жылдан бері бетпе-бет келіп отыр. Олардың айтуынша, мұнда 11 көпқабатты тұрғын үйге бар жоғы 4 қоқыс жәшігі қойылған. Қоқыс уақытылы шығарылмайды. Нәтижесінде, сасық иістен терезе ашудан қалыпты. Бұл аз дегендей, көше кезбелері мен қаңғыбас ит-мысықтар қоқысты жан-жаққа шашып тастайды. Жел көтерілсе аула іші, әсіресе балалар алаңқайы қоқыстан көрінбей қалады. Сондықтан да, тұрғындар қоқыс жәшіктерінің санын көбейтуді, тазалығына жіті көңіл бөлуді сұрайды.
Осындай жағдаймен бетпе-бет келіп отырған нұрсәттіктердің уәжі орынды-ақ. Мұның нұрсәттіктерге ғана емес, көп шағынаудан тұрғындарына қатысты екені және бар.

7 ҚОҚЫС МЕКЕМЕСІ БАР

Шымкент қаласы энергетика және тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық басқармасының басшысы Алтай Әлінің сөзінше, шаһар тазалығы қолмен және механикалық әдіспен жүзеге асырылады. Техника жетпейтін жерді, майда-шүйде қалдықтарды қызметшілер қолмен тазалайды. Бұған 500 адам тартылған. Шаһар көшелеріндегі тазалыққа «ЛТД-Тұрмыс» ЖШС-і жауап берсе, жеке және көпқабатты тұрғын үйлердің ауласындағы тазалықты қалпына келтірумен 7 жеке компания айналысады.
Айта кетелік, бұған дейін «ЛТД-Тұрмыс» компаниясының 49% үлесі қала әкімдігіне тиесілі еді. Биылдың маусымынан бастап бұл мекеме толығымен жекенің меншігіне өтті. Аталған компания қаланың барлық санитарлық тазалығымен өзі айналысады. Жеке секторлар мен көпқабатты тұрғын үйлердің тазалығына әр аудан әкімдігі жауапты.

– Бізде 4 аудан бар. Сол аудан әкімдіктері мемлекеттік конкурс жариялау арқылы, қоқыс шығаратын компаниялармен келісімшарт түзеді. Биыл осы механизм бойынша 7 қоқыс мекемесі: «Арнаулыавтокөлік», «ОрионНовТех», «ЭкоспецТранс» «Спецавтотранспорт», «Нұр Олжа», «Вейсалидзе» және «Шымкентспецкомплекс» ЖШС-тері анықталып, аудан-аудан бойынша жұмыс істеп жатыр,-дейді Алтай Әлі.

ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ЖОҚ

Жаңа қызметіне тағайындалғанына небәрі бір ай болған басқарма басшысы осы аралықта қала тазалығына қатысты қордаланған көп мәселенің барын байқапты. Айтуынша, кейбір аудандарда бір көшенің тазалығын бірнеше тазалық компаниясы жауаптанып алған.
Әр үйдің тұрғыны әрқалай қоқыс компаниясымен келісімшарт жасасқан. Нәтижесінде, бір көшенің бойында тұрған 6 үйге үш түрлі тазалық компаниясы қызмет етеді. Бір қараған жанға тамаша көрінер. Бір көшені 3 түрлі мекеме тазаласа, мұның несі айып дейтіндер бар? Дегенмен, әр мекеме тек келісімшарт жасасқан үйінің қоқысын шығарады да, жанындағы тұрған үйдің не дүкеннің қоқысын алмайды. Себебі, бұл оның «клиенті» емес.
Басқарма басшысы Алтай Әлінің сөзінше, мұның барлығы да аудан әкімдіктерінің қатесі екен. Басқарманың мұны қадағалауға құзіреті де жоқ боп шықты. Десе де басқарма тарапынан осындай келеңсіздіктермен күресу үшін қаланы абаттандыру ережесі жасалып жатыр.

ҚОҚЫС ШЫҒАРУДА ТӘРТІП КЕРЕК

Алтай Сембекұлының сөзінше, абаттандыру ережесі арқылы шаһар тазалығына қатысты бірнеше мәселе өз шешімін таппақ. Соның бірі – жоғарыда айтылған қоқыс шығару мекемелерінің жүйесіз жұмысы. Енді ережеге сәйкес, әр компания тек өз «клиентінің» қоқысын емес, сол көшедегі не аудандағы барлық қоқысты шығаруға міндетті.
Қысқасы, сол маңның тазалығына барлық компания теңдей жауапты болады.
Бұл жұмыстардың жүйелі, әрі дұрыс атқарылуын қадағалау әкімдіктерге жүктеледі. Егер көше тазаланбай, тазалық мекемелері ережеге мойынсұнбаса, оларға айыппұл салынады.
Маман қоқыс мекемелерінің қызметкерлері тек қоқысты жинаумен емес, алаңқай маңын таза ұстау керегін де айтады. Қоқысты көлікке тиегенде жерге төгілетін түрлі сұйық қалдықтар мен майларды жуып-тазалауы қажет.

– Абаттандыру ережесін қабылдау барысында, тазалық мекемесі қызметшілерінің пікірі ескерілуде. Олар сол салада еңбек етеді, қандай мәселенің барын біледі. Сондықтан да олардың талап-тілектері біз үшін құнды. Ереже толығымен жасалған соң маслихатта құрылған арнайы комиссияға ұсынамыз. Қазір оның критерийлерін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы және прокуратурамен саралап жатырмыз. Себебі, ешбір тарапқа зияны тимеуі керек.
Сондай-ақ, осы ережеге сәйкес, қоқыс көліктері артық «жүк» тиемейді. Арнайы мамандар аузы-мұрнынан асып қоқыс тиелген көліктерді қадағалап, оларға да айыппұл төлетеді.

ҚҰРЫЛЫСТАН ШЫҚҚАН ҚОҚЫСҚА ТЫЙЫМ

Құрылыстан шыққан қоқыс, ескірген жиһаз, істен шыққан тұрмыстық техника. Мекеме басшысының айтуынша, тұрғындарға мұндай қалдықтарды ауладағы қоқысқа тастауға рұқсат етілмеген.
– «Қоқыс» иесі қоқысты өз қаржысына көлік жалдап, сонымен қала сыртындағы қоқысханаға шығару керек. Дегенмен күнделікті тәжірибеден тұрғындардың бұған немқұрайлы қарайтынын аңғаруға болады. Абаттандыру ережесіне бұл мәселені де енгізіп отырмыз. Қарасаңыз, алаңшада тұрған қоқыс жәшіктер сыңған, майысқан. Бірінің доңғалағы жоқ. Мұның бәрі де осындай қатты қоқысты тастағаннан болады. Сондықтан да жаңа ережеге бұл мәселені де енгізуді жөн көрдік. Ережеге сай, қоқыс жинаумен айналысатын мекемелерде «Эко полиция» құрылады. Олар қатты қоқыс немесе қоқысханаға тасталмайтын заттарды тастаған тұрғындарды анықтайды. Хаттама толтырады. Ережеге сәйкес, айыппұл тағайындалады,-дейді Алтай Әлі.

ҚОҚЫС АЛАҢШАЛАРЫ ЗАҢДАСТЫРЫЛМАҒАН!

Басқарма басшысы Алтай Әлінің айтуынша, қоқыс алаңшалары заңдастырылмаған. Қалада 2079 қоқыс контейнері орналасқан 467 алаңша бар. Алайда сол алаңшалардың көбісінің мемлекеттік АКТ-сі жоқ.

– Мегаполис болдық. Шетелдік стандартқа көшу керек, яғни, қоқыс сұрыпталу қажет. Қағаз қоқыс бөлек, пластик бөлек, тағы басқа қоқысты басқа контейнерлерге тастайды. Алайда, қоқысты сұрыптап тастайтын контейнерлерді орнатпас бұрын, қоқыс алаңшаларын заңдастыруымыз керек. Жер сатылып, өзгенің меншігінде кетіп қалуы мүмкін. Қазір қоқыс алаңшалары орналасқан жердің құжатын құнттап жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыстар былтыр қолға алынды. Бүгінгі таңда Абай ауданына қарасты 112 қоқыс алаңшасы болса, соның көбінің құжаты жасалды. Қалған аудандардағы алаңшалардың құжатын түгендеу қалды. Содан кейін барып, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында қоқыс алаңшаларын заман талабына сай етеміз. Таяуда қызыл, сары, көк түсті қоқыс жәшіктері пайда болады,-дейді басқарма басшысы.
Айтпақшы, қоқысты сұрыптап тастауға арналған контейнерлерді қоймас бұрын, халықты соған үйрету де қажет-ақ. Көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын аралау барысында көзіміз соған жетті. Есіктен шыға салып, қоқыс жәшігін көздеген балақайларды айтпағанда, ересектердің өзі қоқыс алаңшасына дейін жетпей қайтады. Жол-жөнекей, ыңғайына қарай, қоқысын қойып өз жолымен кете барады.

Қоқысы көп аудан

Қалада қоқысы көп аудан Абай ауданы екен. Халқы тығыз орналасқанын ескерсек, бұған таң қалмаймыз. Ал қаладағы жер асты өткелдерінің тазалығына бірнеше басқарма жауапты. Бір бөлігі автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі, енді бірі энергетика және тұрғын үй коммуналдық-шаруашылығына, тағы бір бөлігі сәулет және қала құрылысына қарайды.
Шымкенттен шығатын қоқыс қала сыртындағы «Ақтас» елдімекенінің арғы жағындағы қоқыс полигонына жөнелтіледі. Сонда көміледі.
Айтпақшы, қоқыс алаңшалары заңдастырылып, ретке келтірілген соң, әрбір қоқыс алаңшасының жанына сол аймақтағы қоқыс жинауға жауапты мекеменің атауы, шағым қалдыруға арналған телефон нөмірі жазулы тақтайшалар ілінеді.
Бұдан бөлек, Шымкент қаласы Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасындағылар кез келген шағыммен басқармаға хабарласуға болатынын айтады.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №36 , 4 қыркүйек 2019 ж