Шымкентте 15 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл мақсатқа 7 млрд. теңгеден астам қаражат қаралған. Бұл туралы бүгін қалалық құрылыс басқармасының өкілдерінің қатысуымен өткен брифингінде айтылды.

Шымкентте салынып жатқан 16 әлеуметтік нысанның 15-і мектеп. Екі білім ғимаратының құрылысы келесі жылға өтпелі. Оған мемлекеттік сатып алу конкурсының кеш өтуі себеп болған дейді мамандар.

Ғалымжан Өтенбаев, Шымкент қалалық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары: «Сотқа шағым түсуіне байланысты мемлекеттік сатып алу конкурсы кеш ұйымдастырылды».

Бүгінде қалада құрылысы жүріп жатқан 110 нысанның 83-і көпқабатты үй. Салаға жауаптылар сан емес, сапаға көбірек көңіл бөлмек. Салынып жатқан кез-келген нысанның сапасына қатысты бақылауды күшейткенін айтады. Бұған дейін, қабылдап алу комиссиясының құрамында тек бір техникалық қадағалаушы болса, енді олардың саны үшеуге артқан. Жауаптылар бұл мердігерлердің жауапкершілігін күшейтеді деп сендірді.

Ербол Ахметов, Шымкент қалалық құрылыс басқармасының басшысы: «Сапасыз құрылыс үшін жауапкершілікке тартылған мердігерлер бар. Енді қадағалау күшейтіледі».

Айта кетейік, шаһарда жеке инвесторлар есебінен 49 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін 26 тұрғын үй пайдалануға тапсырылады деп жоспарланған. Сондай-ақ, үш нысанға инженерлік-коммуникациялық жүйе жүргізу биыл аяқталады.

Мақпал Рысбаева