Шымкентте медицина мамандары жаппай екпе салдырып жатыр. Қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті қызметкерлерлері №1 қалалық емханаға барып, екпе салдырды.

«Айта кету керек, тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар, 2018-2019 жылдары осы инфекцияларға қарсы егілгендігі туралы құжаттамалық растауы бар адамдар, жүкті әйелдер мен лактация кезеңінде әйелдер қызылша мен қызамыққа қарсы қосымша иммундауға жатпайды. Уақытша медициналық қарсы көрсетілімдері бар 20-29 жас (қоса алғанда) аралығындағы адамдар сауыққаннан кейін егілуге тиіс»-дейді Шымкент қаласы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Ұлжан Алибаева.

Шымкент қаласының Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармаларының 20-29 жас аралығындағы мамандары қызылша мен қызамыққа қарсы қосымша егулерін алуда. Мамандар егудің маңызды екенін айтуда. Еңбекші ауданы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы А. Үркімбаева: «Маман ретінде инфекцияның қауіптілігін біле отырып және өзім ауырып, басқаларға жұқтырмау мақсатында қызылша мен қызамыққа қарсы қосымша егудің қаншалықты маңызды екенін түсінемін. Сондықтан, барлық 20-29 жас аралығындағы қала тұрғындарын қосымша иммундауға шақырамын!» дейді.

Сондай-ақ, басқарма мамандары қала тұрғындары арасында «20-29 жас аралығындағыларды қызылша және қызамыққа қарсы қосымша иммундау» туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.

Егу жұмыстары тұрғылықты мекенжай бойынша барлық медициналық мекемелердің егу бөлмелерінде тегін түрде жүргізіледі. Қосымша иммундау қараша айының соңына дейін жалғасады. Сондықтан, барлық 20-29 жас аралығындағы азаматтардың екпені салдырып алуға мүмкіндігі бар. Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген абзал!