Елімізде жас балалардың, оқушылардың қатысуымен жол-көлік апаттары жиі орын алады. Мұндай оқиғалардың алдын алу үшін ҚР ІІМ жыл сайын, оқу жылы басталысымен дәстүрге сай бір айға жоспарланған «Назар аударыңыз, балалар!» атты акциясын өткізіп тұрады.

Жол полициясының мәліметі бойынша, осы шарадан кейін қайғылы оқиғалар статистикасы едәуір азаяды екен. Себебі, жаңа оқу жылының басында, жол бойында тәртіп сақшылары көп болып, жол қозғалысын мүмкіндігінше реттеп тұрады. Аталған жедел-профилактикалық іс-шараның негізгі мақсаты-балалардың жол-көлік оқиғаларынан жарақаттануына жол бермеу және жол-көлік оқиғаларын болдырмау жөніндегі жұмыстарды одан ары жандандыру болып табылады.

Осы мақсатта Қазығұрт АПБ Жергілікті полиция қызметі мен ювеналды полиция бөліністерінің қызметкерлері бастауыш сынып оқушыларымен жол жүрісі қауіпсіздігі мен жолдарда қауіпсіз жүріп-тұру бойынша дәрістік оқулар мен сабақтар өткізді. Мектепке барып-қайтумен, балалар баратын басқа да орындарға қауіпсіз жүру бағдарлары орнатылды. Автокөлік жүргізушілеріне, балаларды тасымалдау кезінде қауіпсіздік белдіктерін және балаларға арналған ұстаушы құрылғыларды қолдану қажеттілігі туралы түсіндіріліп, ақпарат берілді.

Сондай-ақ, балалардың жол-көліктен зақым алуының алдын алу акциясы аясында жол полициясы қызметкерлері қала мен облыс аудандарындағы көше жолының тораптарында жол белгілерінің, жолақтарының, жол кедергілерінің болуына тексеру жүргізуде.