Шымкент Тұран

Аялдамада автобус күтіп тұрған жолаушыларды көлік қағып кетті. «Қайтпас» шағынауданында орын алған оқиға жөнделмеген жолдың кесірінен болған. Салдарынан 4 бірдей адам ауруханаға түсті. Оның бірі жансақтау бөліміне жеткізілген. Куәгерлердің айтуынша қос ауданды жалғап тұрған бұл жол талай көлік қақтығысына себеп болған.

Бүгін сабақта болуы тиіс Жантөре Қуанышбек ауруханада. Анасымен аялдамада тұрған оны көлік қағып кеткен. Салдарынан жедел ауруханаға жеткізілген оның жағдайы қазір орташа. Өлім аузынан қалғандардың тағы бірі – Әйгерім Атабаева. Бір жасар қызымен автобус күтіп тұрған ол болған жағдайды әлі де қорқынышпен еске алады. Үрейленгені сонша үйде қалған балаларын мектепке жібермей қойған.

Әйгерім Атабаева, анасы: «Бір періште қорғап қалды негізі бар ғой. Біз жаңағы келіншек екеуміз жолда тұрғанбыз. Төбеден доп сияқты көлік ұшып келді ғой. Қашамыз дегенше соқты. Мен өзім дуалға қарай құлап түстім. Бір кезде есімді жинап қызымды іздедім. Қарасам қызым қоларбада салбырап жатыр».

Дәрігерлердің айтуынша, қос баланың жағдайы орташа. Әзірге қатаң бақылауда жатқан олар ауруханаға қиын жағдайда жеткізілген.

«Ауруханаға жеткізілген кезде жағдайлары ауыр болып түскен. Жағдайына байланысты жансақтау бөлімшесіне жатқызылды. Ота жасалынған» дейді дәрігерлер.

Үшінші мегаполисте тұрып жатқан тұрандықтардың көрген күні осы. Күн сайын қырдан асып, аялдамаға жететін олардың жолы жырға айналғалы 3 жыл. Ауданда жүретін жалғыз автобусқа телмірген тұрғындар, асыққан көлікке жету үшін мына қырдан екі күннің бірінде құлайды.

Қайтпастағы қырлы жолдан оңбай құлағандардың бірі мына 2-сынып оқушысы. Ауданға келетін жалғыз автобусқа жанұшыра жүгіремін деп ол да мектепке жетпей, ауруханаға барған. Жалпы, қала орталығына өзге аудан арқылы шығатын тұрандықтарға қырдан құлау үйреншікті жағдайға айналғанын айтып ашынады.

Жол жырын айтып Қаратау ауданы әкімдігінің есігін тоздырған ел 3 жылдан бері жауаптылардың уәдесін тыңдап тойған. Жүзеге асырылмайтын жоспарды естіп шаршаған жұрт жолдағы бітпейтін апаттың ендігісі адам өлімімен аяқтала ма деп қорқады.

«Тұран» және «Қайтпас» шағынауданының бас ауруына айналған қырлы жол әу баста болмаған. Тек тұрандықтардың өтініші бойынша түзетілген ол жаяу жүргіншілер үшін жасалыпты. Бірақ, бұл жерден жеңіл көлікті былай қойғанда бүгінде ауыр жүк көліктерінің түр-түрі өтетін болған.

Нұрлан Жаманкөз, қалалық коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары: «Осы қазан айында тұрғындарға автобусты қатынайтындай бәрін бітіріп береміз».

Осылайша жауаптылар қазан айында жағдайдың реттеленінін айтып, кезекті уәдесін берді. Сөздеріне сенсек, ендігі айда тұрандықтар жөнделген жолмен жүріп, қоғамдық көлікке жету үшін қыр аспайтын болады.

Назерке Үкібасова