Шымкентте жыл сайын 12 мыңға жуық бала мектеп табылдырығын аттайды. Шаһардағы демографиялық қарқын үшінші мегаполистің білім беру саласын сынап-ақ жатқандай. Бұлай дейтініміз, бала саны артып, қалада мектеп тапшылығын туындатып отыр. Нәтижесінде, Шымкенттегі 19 мектеп үш ауысымда білім беруге мәжбүр. Мұны Шымкент қалалық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Текебаева білім беру қызметкерлерінің дәстүрлі Тамыз кеңесінде айтты. Оның сөзінше, мәселені шешуге жаңа мектептер мен жекеменшік-мемлекеттік әріптестік аясында жұмыс істейтін жекеменшік білім ұялары сеп болады.

АЛТЫ АЛАШ БАС ҚОССА …

Биылғы «Bilim jane Gilim» тақырыбындағы Тамыз кеңесі жылдағыдан өзгерек өтті. Бұл жолы кеңеске ақпараттық технология мен инновациялық даму арқау болды. Бұған Түркістан сарайының кіреберісінен қойылған роботтар мен түрлі технологиялық құрылғылардың жәрмеңкесі дәлел. Мектеп оқушыларының жобаларын аралап көрген қала әкімі Ерлан Айтаханов осындай дарынды балалардың еліміздің ертеңін жарқын етеріне, қаламыздың гүлденуіне, қарыштап дамуына өз үлесін қосатынына кәміл сенімді екенін айтты. Сосын қала әкімі залға жиналған көпшілікке асықты. Дегенмен, сахна шымылдығын әкім емес, оқушылар ашты. Сахналық көрініс ақпараттық технологияның адам өміріне етене енгендігін, оның күнделікті өмірдегі пайдасы мен тиімділігін паш етті. Одан соң шәкірттер ұстаздар қауымын жаңа оқу жылымен құттықтап, алдағы оқу жылына сәттілік тіледі. Әннен шашу шашты.
«Алты алаш бас қосса, төрдегі орын мұғалімдікі. Алаштың көшін өрге сүйрейтін қайыспас қажырлы мұғалімдер біздің болашағымыз – балаларды тәрбиелеп, елдің ертеңін қамтамасыз ететін ең қадірлі жандар».
Мінберге көтерілген Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов өзінің кіріспе сөзін Мағжан Жұмабайұлының қанатты сөзімен бастады.

16 492 ПЕДАГОГТЫҢ АЙЛЫҒЫ ӨСЕДІ

Баяндамасын ұстаздың мәртебесінен бастаған әкім Үкімет қойып отырған ұстаздар жалақысын 30-50 пайызға арттыру мәселесін көтерді. Оның айтуынша, білім жүйесінің жаңа мазмұнға көшуі мұғалімдердің мойнына үлкен жүк артып отыр. Енді олар болашақтың тізгінін ұстап, елімізді дамытатын, көркейтетін заманауи жастарды тәрбиелеп, білім нәрімен сусындатуы керек. Ол үшін өздері де сол талапқа сай болуы қажет. Яғни, біліктілігін жетілдіріп, жаңартылған мазмұндағы оқу бағдарламасымен сабақ өтетін мұғалімдердің лауазымдық жалақысы 30-50%-ға артады.
Осы тұста айта кетейік, педагог қызметкерлердің 16 492-сі (94%) жаңартылған білім беру бағдарламасына сәйкес біліктілікті арттыру курстарынан өткен. Жыл соңына дейін тағы да 1 980 педагог курстан өтпек.
Үштілділік аясында осы күнге дейін 14 мың мұғалім оқытылса, биыл олардың біліктілігін арттыруға – мың грант бөлініп отыр.

ӘР БАЛА САПАЛЫ БІЛІМ АЛУ КЕРЕК

Жаңашылдық жақсы, әрине. Бірақ, балаларды мектеп қабырғасынан бастап рухани құндылықтарға баулып өсіргеніміз одан да жақсы. Ал бұл жолда мектеп пен ұстаздың рөлі зор екені айтпаса да белгілі. Сондықтан да әкім балалардың әдебиетке, кітап әлеміне құштар болып өсуі үшін мектептерде әдеби кештерді, жергілікті ақын-жазушылармен кездесулерді жиі өткізу керек екенін тілге тиек етті.
– Ақпараттық технологияның заман талабы екені белгілі. Дегенмен, балаларды сәби кезінен рухани құндылықтарға баулып өсіру қажет. Оқушылардың рухани дамуын жетілдіру, ұлтжандылыққа, мәдениетке тәрбиелеу мақсатында үшжылдық «Ұлттық тәрбие тұжырымдамасын» жасауды тапсырамын, – деді қала басшысы.
Бұл бағытта ешқандай кедергілер болмауы керек екенін, сонымен қатар әр баланың жақсы мектептен сапалы білім алуы керек екенін шегеледі. Өкініштісі, тәжірибеге келгенде бәрі басқаша. Соның бір айғағы – мектеп тапшылығы. Оған қала мектептеріндегі үш ауысымдылық жұмыс кестесі дәлел.

БІЛІМГЕ 77 МЛРД ТЕҢГЕ БӨЛІНДІ

Келесі кезекте мінберге көтерілген қалалық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Текебаева қаладағы білім беру жүйесінің «жоғын» түгенделіп, «барын» паш етті. Болашақ жоспарларын да құра келген. Айгүл Текебаеваның мәліметінше, 2019-2020 оқу жылы 4 жаңа мектеп пен қосымша құрылысы жүргізілген 1 мектеппен басталмақ. Олардың қатарына мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істейтін жекеменшік білім ұяларын қосқанда, 144 мемлекеттік және 11 жекеменшік мектепте 200 000 астам оқушы білім алады. Оларды 25 мың педагог білім нәрімен сусындатады.
– Шымкент қаласының мегаполис мәртебесін алуына орай, биыл былтырғы жылға қарағанда білім саласына бөлінген қаржы 35% көп. Мәселен, 2018 жылы республика қазынасынан – 4 млрд, ал жергілікті бюджеттен – 53 млрд теңге бөлінген болатын. Биыл республикалық тарнсферттен – 39 млрд, ал қалалық қазынадан – 38 млрд теңге қаржы бөлініп отыр. Осылайша қалалық білім беру жүйесіне бөлінген қаржы – 77 млрд теңгені құрады, – деп бастады өз баяндамасын Айгүл Текебаева.

ҮШ АУЫСЫМДЫ 19 МЕКТЕП БАР

Текебаеваның сөзінше, мектептер оқушыларды қабылдауға дайын, ұстаздар талапқа сай, оқулықтар жеткілікті. Дейтұрғанмен маман, қалада мектеп тапшылығы сезілетінін жасырмады. Айтуынша, қаладағы 144 мемлекеттік мектептің 19-ы үш ауысымда білім береді. Маман аталмыш мәселеден шығуға жекеменшік-мемлекеттік әріптестік аясында құрылған жан басына қаржыландыру жүйесінің көмектесетініне сенімді.
Айта кетейік, «жан басына қаржыландыру» дегеніміз жекеменшік мектептер желісін арттыру арқылы мемлекеттік мектептерге түсетін «жүкті» азайту. Яғни, жекеменшік мектептерді қаржыландыру арқылы, онда «мемлекеттік сыныптарды» ашу. Мұнда қаражат оқушылар санына қарай емес, оның нақты шығыстарына байланысты және жиынттық сыныптардың санына байланысты бөлінеді. Мәселен, 2018 жыл мемлекеттік бағдарламаға 3 жекеменшік мектеп қатысып, 765 оқушыны мемлекеттік тапсырыс аясында оқытса, биыл 11 жекеменшік мектепке 5 454 оқушыны орналастыру жоспарлануда. Осылайша білім басқармасындағылар ағымдағы жылдың соңына дейін үш ауысымда білім беретін мектептер 47 пайызға қысқарады деп отыр. Бұл – 9 мектептің мәселесі шешіледі деген сөз. Нәтижесі, уақыт еншісінде.
Сондай-ақ, 2019-2020 оқу жылының тағы бір ерекшелігі биыл қаладағы 130 мемлекеттік мектеп те жан басына қаржыландыру жүйесіне көшеді.

187 000 ОҚУШЫ ЖАҢАРТЫЛҒАН ФОРМАТТА БІЛІМ АЛАДЫ

Оқу жылындағы жаңашылдықтар туралы айтқанда оқу бағдарламасы жайлы айтпасқа болмас. Биылғы оқу жылында 4-ші, 9-шы, 10-сыныптар жаңартылған білім мазмұнымен оқымақ. Яғни, 1-10 сынып аралығында білім алатын 187 мың бала жаңартылған білім беру бағдарламасымен оқиды.
Аталған сынып оқушылары жаңа мазмұндағы кітаптармен 100% қамтамасыз етіледі. Кітап тапшылығы болмайды. Ол үшін әжептеуір қаржы бөлінді. Тамыз кеңесінде баяндама жасаған басқарма басшысының міндетін атқарушы Айгүл Қалыбайқызы осылай деді.
– 4-сыныптар үшін қиындық туындамайды. Олар бұл бағдарламаны 1-сыныптан меңгеріп келеді. Мұнда тек оқулықтар жаңарады. Себебі, былтырғы 4-сыныптың балалары ескі оқулықтармен оқыған. 7-сыныптар үшін оңтүстік өңірі, тарихы туралы баяндайтын «Өлкетану» пәні қосылады. 9-сыныптардың да кітаптары жаңармақ. 10-сыныптар үшін графика және жобалау, кәсіпкерлік және бизнес, алғашқы әскери дайындық және технологиялық дайындық пәндері енгізіледі,-дейді Текебаева ханым.
Айта кетейік, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық Білім академиясының төрағасы Жанбол Жылбаевтың сөзінше, биыл еліміздегі 200 000-нан астам 7-сынып оқушысы мамандық таңдайтын болады. Себебі, мектеп бағдарламасына «мамандық таңдау» пәні енгізіліп отыр. Сондай-ақ, 2019-2020 оқу жылының басты ерекшелігі «Жеңіл портфел» жүйесінің енгізілуінде. Оқушы кітапты мектепке алып бармай-ақ, үйге тастап кетуіне болады. Себебі, электронды оқулықтар, аудио таспалар бар.

30 МЫҢНАН АСТАМ Ы АЗ ҚАМТЫЛҒАН

Жасыратыны жоқ, жаңа оқу маусымы басталғанда мектеп формасы төңірегінде шу шығады. Қалада бірыңғай мектеп формасы бекітілмеген соң әр мектеп түрлі тігін цехтармен келісімге тұрып, өз формасын бекітіп алған. Мұның бағасы әжептеуір қымбат. Бұл әлеуметтік осал топқа жататын және мектеп жасындағы бірнеше баласы бар көп балалы отбасылардың қалтасына салмақ түсіретіні сөзсіз.
Білім басқармасының мәліметіне сенсек, білім беру мекемелерінде әлеуметтік жағдайы төмен 30 697 бала тіркелген.
2019 жылдың жалпыға міндетті білім қорына 1 млрд. 152 млн. 170 мың теңге қаралған. Ол қаржыға әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан 13 841 оқушы ыстық тамақпен, 7 241 оқушы жазғы сауықтыру лагерьлерінде демалыспен қамтылды және 9 272 оқушыға «Мектепке жол» акциясы барысында көмек көрсетілді.
Осы тұста қала басшысы Ерлан Айтаханов мектеп формасын бизнеске айналдырып, ақша табудың көзі қылуды доғару керек екенін айтып, мектеп оқушыларының формасын бірыңғай жүйеге көшіруді тапсырды.

IT-ЛИЦЕЙ АШЫЛМАҚ

Конференция барысында, мектепке дейінгі білім беру, техникалық және кәсіптік білім беру және инклюзивті білім беру жүйелері туралы да сөз қозғалды.
Белгілі болғандай, қалада 85 мемлекеттік, 416 жекеменшік балабақша бар. Мектеп алды даярлық топтарындағы 1-6 жас аралығындағы бала санын қосқанда жалпы – 76339 бала балабақшамен қамтылған. Балақаша кезегінде тұрған 1-6 жас аралығындағы бала саны – 23719.
Шаһардағы 29 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымында (11 мемлекеттік, 18 жекеменшік) 28 897 студент білім алуда. 7 колледжде дуальды оқыту жүйесі ендірілген. Ағымдағы жылы дуальды оқыту жүйесі ендірілген колледждер үлесі 21%-ға, студенттер саны 1040-қа артады деп күтілуде.
Айтпақшы, 2020 жылы қалада алғаш рет IT-лицейі ашылмақ.
Шымкент қаласында 0-18 жас аралығындағы 6 259 мүмкіндігі шектеулі бала тіркелген. Білім басқармасына қарасты мекемелерде 507 (8,1%) оқушы инклюзивті оқытумен қамтылған. 997 оқушы – арнайы мектеп-интернаттарда, 442 оқушы – мектептердегі арнайы сыныптарда, 2 686 оқушы – логопункттерде, 959-ы – үйде оқытумен, 665 -і – арнайы балабақшалармен қамтылған. Инклюзивті білім беру бойынша 140 мұғалім курстан өткен.

ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚ ТЫЙЫЛМАЙ ТҰР

Тамыз кеңесіне жиналғандар бұл тақырыпты да назардан тыс қалдырмады. Оған да себеп жоқ емес. Айгүл Текебаеваның сөзінше, жасөспірімдердің арасында құқық және тәртіп бұзушылық оқиғалары тиылмай тұр.
Дегенмен жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесінде қылмыс біршама азайған. Сандарды сөйлетсек, 2019 жылдың 7 айында 14 оқиға тіркелген. Оның 12-сі ұрлық, тонау, 2-і бұзақылық. 2018 жылдың осы кезеңінде қылмыс саны – 19 құраған еді.
Өзіне-өзі қол салу фактісіне тоқталсақ. 2019 жылдың 7 айында 4 суицид оқиғасы тіркелген. Оның 1-еуі қайғылы жағдаймен аяқталыпты. 2018 жылы өзіне қол салғандардың саны – 12 болған. Олардың 7-еуін аман алып қалу мүмкін болмапты.
2019-2020 жаңа оқу жылына және 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны қорытуға бағытталған Тамыз кеңесіне жиналғандар оқу бағдарламасын жылдарға емес 6 ай немесе 1 жылға ғана түзу керек деген оймен тарқасты. Заман ағымына қарай оқушыларға бостандық, еркіндік беру керек екенін түсінді. Өсіп келе жатқан z ұрпағын бағынышты емес теңдік құқықта ұстау керектігіне көз жеткізді.
Мегаполистің барша ұстаздарының басын қосқан конференция соңында білім саласында үздік жетістіктерге жетіп, біліктілігімен ерекшеленген бірқатар ұстаздар министрліктің және қала әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №35, 28 тамыз 2019 ж