Ақ халаттылар стенд құрылғысын қолданып, елу жастан асқан екі азаматтың миында пайда болған ісікті пышақсыз алып тастады. Күрделі отаны жасау үшін түркістандық дәрігерлерге Алматы қаласынан келген білікті мамандар көмектесті.
Бас миында ісік пайда болған түркістандық 52 жастағы азамат ауыр жағдайда облыстық клиникалық ауруханаға түскен. Ауруы асқынған пациентке дәрігерлер күрделі ота жасап, миында пайда болған ісікті тіліксіз алып тастады.
Оңтүстікте алғаш рет жасалған операция Алматы қаласының Президенттік клиникалық аурухананың нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Мыңжылқы Бердіходжаевтың жетекшілігімен өтті. Білікті маманның қатысуымен облыстық клиникалық аурухана базасында ми қан тамыры зақымданған екі пациентке ота жасалған.
Әсет Қадыров, Түркістан облыстық нейрохирургия бөлімінің дәрігері: «2 жарым сағатқа созылған отаны Мыңжылқы Бердіходжаев тәжірибесінен байқадық. Үйреніп жатырмыз.Ота сәтті өтті».
Бұл күрделі операцияны меңгеру үшін облыстық клиникалық ауруханасы ангиограф қондырғысын сатып алған. Бұдан бөлек, ангиограф арқылы дұрыс диагностика жасап, уақыт өткізбей мидағы қан тамырдың бітелуін алып тастауды мықтап қолға алыпты. Ең бастысы мұндай оталар арқылы инсульттің алдын алып, мүгедектік пен өлімді азайтуға мүмкіндік мол болмақ дейді дәрігерлер.
Лаура Нақыпқызы