Түркия азаматтары Түркістандағы өрт кезінде өмірлерін аман алып қалған полицейге алғыс айтты

136

Түркия азаматтары профессор Хашим Өзудоғру мен оның әріптесі профессор Нұритдин Парылты Түркістан қаласында болған өрт кезінде өмірлерін аман алып қалған полицейге алғыс айтты. Шетелдік қонақтар Түркістан облысы ПД ЖПҚ патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары полиция майоры Қанат Рақышевке алғысын білдірді.

Қонақтардың айтуынша, олар Түркістан қаласына ғылыми конференцияға келіп, «Роял-Гранд»қонақ үйіне қоныстанған. Келгеннен соң, бір сағаттан кейін дүмпуді естиді,бірақ бұған назар аудармайды. Өрт шыққанда олар үшінші қабатта болған, содан кейін отқа оранып жатқан төменгі қабатқа қарай түспекші болады. Одан әрі жүруге шетелдіктер қорқып тұрады, сол сәтте қалған адамдарды іздеген полиция қызметкері Қанат Рақышев оларды уақытында байқайды. Полиция майоры Түркия азаматтарын қауіпсіз жерге дін аман шығарады.

Профессор Хашим Өзудоғру мен оның әріптесі Нұритдин Парылты Түркістан облысының полицейлері мен өрт сөндірушілеріне көрсеткен көмектері үшін алғыс айтып, оларға қызметте табыс тіледі. Олар әсіресе майор Қанат Рақышевтің атына ерекше алғыстарын жеткізді.

Естеріңізге сала кетейік, 10 қыркүйекте Түркістан қаласында шамамен сағат 18.25-те «Роял-гранд»қонақ үйінде өрт шықты. Оқиға орнына келген облыстың ТЖД қызметкерлері мен полиция қызметкерлері жақын маңдағы аумақты қоршап алып, қонақ үйдің қонақтары мен қызметкерлерін дереу эвакуациялауға кіріскен болатын. Құтқару жұмыстарын жүргізу барысында 50 адам эвакуацияланды.

Өрт сөндіру кезінде Түркістан облысы ТЖД-нің 5 қызметкері зардап шекті, олар түрлі дәрежедегі күйік пен жарақат алған болатын. Қазіргі таңда олар орталық ауруханада. Жағдайлары жақсы. Өмірлеріне төніп тұрған қауіп жоқ.

Бүгінгі таңда Түркістан қалалық полиция басқармасының тергеушілері өрт фактісі бойынша ҚР ҚК-нің 292-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізуде. Сараптама тағайындалды. Тергеу барысында болған оқиғаның толық мән-жайы, оның ішінде өрттің себептері анықталады.