Той мен телефонға жұмсалған несиені мемлекет тарапынан жабу халықты несиеманиядан арылта ма?

216

Шымкенттегі банктердің алдында дүрбелең. Бірі несиесінің кешірілгенін біліп, қуанып жатса, енді бірі өзін банкке берешегі жойылғандардың тізімінен табуға ниетті. Бүгінгі күні қазақстандықтардың 630 мың банктік қарызы рақымшылыққа ілінген. Олардың несиесін жабу үшін мемлекеттен 105 миллиард теңге бөлініпті.

Осы шешімді қабылдағанда мемлекет басшысы елдегі мұндай кредиттік аухалдың қайталамауын қадап айтқан еді. Той мен телефонға жұмсалған несиені мемлекет тарапынан жабу халықты несиеманиядан арылта ма?

Қаладағы банк бөлімшелерінің алдында алған несиелері жайлы мәлімет білмек болғандардың ұзын сонар кезегі пайда бола бастады. Көпшілігі ұялы телефон арқылы қарызы кешірілді деген хабарлама алған. Солардың бірі қазығұрттық көпбалалы ана Шынар Әлімбаева.

Шынар Әлімбаева, көпбалалы ана: “Телефоныма хабарлама келді. Несие алғанмын кір жуғыш машинаға 57 мың теңгеге. Соны кешіріпті. Тағы бір-екі несием бар. Соларды білмекпін”.

ҚР Президентінің 26 маусымдағы «ҚР Азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» жарлығына сәйкес, банктер тұрғындар алған несиелер мен айыппұлды кешіру туралы хабарлай бастады. 2019 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша қолма-қол несие, зат сатып алуға несие, несие нартасы бойынша мерзімі өткізілген төлемдері, сондай-ақ уақтылы төленбеген Kaspi Red шоттары бар клиенттердікі кешіріледі. Қарызы кешірілгендердің тізімінде несиеге ұлына той жасаған жалғызбасты ана Айна Нұрқожаева да бар.

Айна Нұрходжаева, қала түрғыны: “420 мың теңге қарызым бар еді. 200 мың теңгем кешіріліпті. Президентке рахмет”.

Президент жарлығының мақсаты — қиын жағдайға тап болған отбасыларға, көпбалалы, мүгедек балалары бар отбасылар, жалғыз асыраушысынан айырылған отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алатындар мен жетім балалардың қаржылық ахуалын жақсарту. Жарлық шыққан кейін келесі күні қаржы министрі Әлихан Смайылов кредиттері кешірілетін отбасылардың несиелерін өтеуге жұмсалатын ақшаны қайдан алатындарын түсіндіріп берген еді.

Әлихан Смайылов, ҚР Қаржы министрі: «Кепілсіз тұтынушылық несиелерді, пайыздарды және біз осыған дейін атап өткен белгілі бір санаттағы тұлғалардың қарызын өтеу үшін мемлекет тарапынан шамамен 105 миллиард теңге қажет. Оның 88,5 миллиардын республикалық бюджеттен аламыз. Ал 17 миллиард теңгеге жуық ақшаны біз проблемалық кредиттер қорындағы арнайы облигациялардан аламыз. Сондай-ақ, несие бойынша өсімпұлдар мен айыыпұлдардың 70 пайызын қаржы мекемелерінің өз шотынан өтелетінін есте сақтау қажет».

Қазақстандықтардың банк алдындағы берешегін өтеу туралы жарлықтан бөлек, Президент табысы төмен қазақстандықтарға несие беруге тыйым салу керектігін мәлімдеп, тапсырма берген болатын. Қаржылық ахуалын одан әрі нашарлатпау үшін табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіндегі азаматтарға займдар беруге тыйым салынатын болады.

Шынар Оразова