Сарыағаш ауданында тәртіп сақшылары қала саябақтарының бірінде кәмелетке толмаған жасөспірімдерді тонаған күдіктіні құрықтады. Тамыз айының ортасында полицияға түнгі уақытта Сарыағаш қаласының саябақтарының бірінде белгісіз біреу екі жасөспірімге шабуыл жасап, қорқытып, олардан 17 мың теңгеден астам ақшаны тартып алғаны туралы хабарлама келіп түсті.

Аталған жайт Сарыағаш АПБ-нің СДТБТ-ға ҚР ҚК-нің 191-бабы «Тонау» бойынша тіркеуге алынды.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері жақын маңдағы аумақтарды аралап, бейнебақылау камераларын тексеріп, куәгерлерден сұрастырып, басқа да бірқатар жедел іс-шараларды тыңдады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде, Сарыағаш АПБ-нің қызметкерлері күдіктіні «ізін суытпай» ұстады. Ол Келес ауданының жұмыссыз жүрген тұрғыны болып шықты.

Полиция қызметкерлерінің анықтағанындай, түнгі уақытта күдікті тағы бір жасөспірімді тонап, оның құны 70 мың теңге тұратын ұялы телефонын тартып алған. Қазіргі уақытта аталған жайттар бойынша «Тонау» бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды. Полиция қызметкерлері ұсталған азаматтың басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтауда.

Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері азаматтарға мұқият болуға және өз мүліктерін сақтап, көзден таса етпеуге кеңес береді. Тонаудың құрбаны болмау үшін түнгі уақытта көшеде немесе қоғамдық орындарда ұзақ жүрмеңіз және мүмкіндігінше адам жоқ жерлерден аулақ болыңыз. Бөгде адамдар, яғни арам пиғылдылардың назарын өз әшекейлеріңізбен құнды заттарға түсіруден аулақ болыңыз, оларды қалталар мен сөмкелерде жақсылап жасырып қойыңыз.

Есіңізде болсын қылмыскерлер әрқашан сіздің мүлкіңізді кенеттен, жасырын және қол жетімділігіне сенгендіктен жымқырып кетеді. Егерде сіз қылмыстық әрекеттерден зардап шеккен болсаңыз, онда дереу 102 телефоны арқылы полицияға хабарлаңыз.