фото government.kz

Үкіметте Президент Жолдауындағы міндеттерді іске асырудың жалпыұлттық жоспарының жобасы әзірленеді. Ел Премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметінің отырысында Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру шаралары талқыланды. Үкімет басшысы жауаптыларға ең алдымен қаржылай қамтамасыз етуді пысықтауды тапсырды.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары — қаржы министрі мен Үкімет мүшелері Президенттің Қазақстан халқына жолдауының бес басты бағытының қалай орындалатынын баяндап шықты. Жоспар жайымен жіті танысып болған соң Асқар Мамин осы жобаларды жүзеге асыруды қаржылай қамтамасыз етуді пысықтауды тапсырды.

Халықты әлеуметтік қолдауды күшейту үшін бюджеттегі барлық тиімсіз шығыстар қысқартылады. Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, мемлекеттік сатып алу жүйесі де бұдан былай жетілдіріледі. Әзірленген заң жобасы ең алдымен «бармақ басты көз қысты» әрекеттердің жолын кесіп, бәсекелестікті ынталандыруға бағытталады.

Ал Премьер-Министрдің орынбасары Жолдаудағы тапсырмаға сай орындалатын іс-шараларды пысықтап шықты. Бердібек Сапарбаев ә дегеннен бүгінгі нарықтың сұранысынан шығып қалған мамандықтарды азайту туралы нақты тапсырма берілетінін жеткізді. Айтуынша, Жол картасы дайындалып, жоғары оқу орындарына талдау жасалады.

Ал Премьер-Министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбектің баяндамасы баспана мәселесін толықтай қамтыды. Айтуынша, бүгінде елімізде баспана алу үшін әкімдіктерде 512 мыңға жуық адам кезекте тұр. Осы орайда вице-премьер «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру аясында тұрғын үй қандай тәртіппен берілетіндігін айтты.

Әрбір бағыттың орындалуына бірінші басшылар жауапты екенін айтқан Үкімет басшысы Жолдаудағы тапсырмаларды орындау қатаң бақылауға алынатынын және орындаудың нақты мерзімі белгіленуі қажет ескертті. Сондай-ақ, бекітуге өткізу үшін келесі отырыста жалпыұлттық іс-шаралар жоспары мақұлдануы тиіс екенін жеткізді.

Мақпал Рысбаева