Шымкентте бір апта ішінде 5 өрт оқиғасы орын алған. Төтеншеліктер 1 жетіде 102 рет шұғыл шақыртуларға шыққан. Бұл туралы бүгін Шымкент қаласы ТЖД мамандарының қатысуымен өткен брифингте айтылды.

Бұл Шымкентте соңғы рет тіркелген ауқымды өрт оқиғасы. Қожанов көшесінде орын алған оқыс жағдай кезінде төтеншеліктер біраз тығырыққа тірелгендерін жасырмайды. Жоғары кернеулі тоқ кеш сөндірілгендіктен, төтеншеліктер тілсіз жауды сөндіруге шұғыл кірісе алмаған.

Департамент бөлімшелерінің бір күнде бірнеше рет шақыруға шығуы қалыпты жағдай дейді мекеме басшылары. Десе де әр оқиға ауқымына сай әрекет ету қажет.
Айта кетейік, жыл басынан бері қалада 166 өрт тіркеліп, 273 млн. теңге залал келтірілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 36 оқиғаға артық дейді төтеншеліктер.

Қала аумағы жыл санап өсіп келе жатқандықтан өрт сөндіру қызметіне қажетті техникалардың тапшылығы байқалады. Бұл мәселені шешу үшін алдағы жылы 4 млрд. теңгенің техникасын сатып алу жоспарланып отыр деп сендірді құзырлылар. Ал өрт оқиғаларының алдын алуға бағытталған түсіндіру жұмыстарына 17 млн. теңге қаражат қаралған.

Жылыту маусымы да жақындап келеді. Төтеншеліктер тұрғындарға сақтық шараларын қамтып, қазірден мұржаларды тазартып қоюды ескертеді. Бұл шаруаларды атқаруда мамандар арнайы рұқсаты бар мекемелерге жүгінуге кеңес береді. Шымкент қаласында қазір жылыту маусымына дайындықты ұйымдастыратын 30 — ға жуық мекеме жұмыс істейді.

Нұрлан Күдерұлы