Жолбарысты жалаң қолмен жыққан – Қарабатыр. Батырдың 325 жылдығына орай Шымкент-Түркістан тас жолының бойында алып ескерткіш орнатылды. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында осылайша тау тұлғалар тұғырға қонып жатыр.
Алыстан атой салып менмұндалап тұрған алып ескерткіш еріксіз көздің жауын алады. Бұл 15 метр биіктікке шығып,айналаға көз тастаған Сіргелі Тілеукенің тұлғасы. Ел ішінде Қарабатыр атанған дарабоз 1717-1754 ші жылдары жоңғар басқыншыларына қарсы соғыста ерен ерлік көрсеткен. Аласапыран жылдары қол бастап, елге қорған болған Тілеуке Бұхар жыраудың қазақ батырларын мадақтайтын әйгілі жырына арқау болған.
Талас Омарбеков, Ұлттық ғылым академиясының академигі: «Осы бабамыздың есімін Бұхар жырау 1757 жылы Шимойын деген жерде Абылайхан ас берген кезде ұлы жүздің батырларының ішінде бірінші осы Қаратілекті атайды. Біріншіден Қаратілектің жасы да үлген алайда жасы ғана емес даңқы да алашқа мәлім болған».
Тілеуке батыр жастайынан ерлігімен көзге түскен. Бозбала кезінде Бөген өзенінің бойын мекендеген жұрттың зәре құтын қашырып, адамға шапқан жолбарысты жалаң қолмен алған деген әңгіме бар. Осы өжеттігімен Әз Тәукенің назарына іліккен.
Анарбек Орман, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері: «Оны Әз Тәуке шақырып алып «Айналайын батырым» деп риза болған екен. Содан өзінің қызы Жуаскүлді беріп сенің есімің бұдан кейін Қарабатыр болады деген екен».
Қарабатыр тарихи деректерде елді жоңғардан құтқарған тұлғалардың бірі ретінде танымал. Дегенмен батырдың есімі әр түрлі айтылады. Бұқар жырау Сіргелі Тілеуке десе ғалымдар Қаратілек деп таниды. Қалай десек те ел басына күн туған шақта атойлап алға шығып, ұлтының бүгінгі бақыты үшін күрескен ұлы тұлға.
Қарабатырды жекпе-жекте жеңе алмаған жауы, соңында жебені улап жарақаттаған екен. Сіргелі Тілеуке 1754-ші жылы қазіргі Алматы обылысы Еңбекші Қазақ ауданындағы «Ойран төбе» қырғынында қаза тапқан дейді тарихи деректер. Батырдың ерлігі бір рулы елдің ғана емес күллі қазақ жұртының мақтанышы.
Асқар Сәтпаев