Қазақстандықтар жүкті жасөспірімді көрсеткен бағдарламаны жабуды талап етті

174
фото inform.kz

 ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев қазақстандық БАҚ-тағы жағымсыз бағдарламалар мен ақпараттар туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдарының 90% жеке меншікте және мемлекет олардың қызметі мен редакциялық саясатына араласа алмайды. Біз жалпы ақпараттық күн тәртібін қараймыз және негативтің көп еместігін байқап отырмыз. Бірақ, халық ең алдымен, жағымсыз, келеңсіз жаңалықтарға назар аударады», — деді министр «Хабар» телеарнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында.

Осыған байланысты министр нақты мысалдар келтірді.

«Мәселен, бір ауылда ең заманауи мектеп тұрғызылса, компьютерлер қойылса, бұл жаңалықты сол ауылдан шыққан немесе қандай да бір қатысы бар адамдар ғана оқиды. Бірақ, дәл сол ауылда бір адам екінші адамды пышақтаса, екеуі екі түрлі ұлттан болса, мұны жүздеген адам жапа-тармағай оқитын еді», — деп түсіндірді Дәурен Абаев.
Оның айтуынша, бұл – Қазақстанда ғана емес, әлемде болып жатқан үрдіс.

«Бүкіл әлемде адамдар ең алдымен, негативті жаңалыққа көңіл бөледі. Халықтың оптимизмі мәселесі депутаттарды ғана емес, барлығын алаңдатып отыр. Дегенмен, әлеуметтік пессимизм үшін бар кінәні журналистерге артып қою жарамас. Бізге түрлі бағдарламаны жабу туралы, кей тақырыптарда материалдар шығармау туралы хаттар мен өтініштер келеді. Жақында ғана республикалық телеарналардың бірінде жасөспірім қыз туралы хабар түсірілді. Ол қыз 15 жасында жүкті болып қалған. Дәл осы шығарылымнан кейін көрермендер мұндай оқиғалар көрсетілетін бағдарламаны жабуды талап етті. Бұл жағдайда мені бір-ақ нәрсе таңғалдырып отыр. Оқиғаның өзі емес, оның эфирден көрсетілгені халықтың ашуын тудырды. БАҚ — қоғамымыздың айнасы және көп жағдайда оны сындыра салған оңай», — деді Дәурен Абаев.