Өкініш дегенді білмеймін

234

Редакциямызға хат жолдаған келесі кейіпкеріміз хатын осылай бастапты. Ол өзінің тағдыр тауқыметін және сол қиындықтан «сынбай» аяққа нық тұрғандығын баяндапты. Өмірдің ащысы мен тұщысын қатар көрген кейіпкеріміз сонда да өткеніне өкініш жоқ екенін айтады. Тіпті, хат иесі өкініштің не екенін де білмейді екен.

АРМАНЫ КҮЛГЕ ҰШТЫ…

5 жыл. Судьяның оқыған үкімі мені есеңгіретіп тастады. Болашаққа құрған армандарым, мақсаттарым бәрі сол үкіммен бірге тас-талқан күлге айналды. Жан дүнием астан-кестен. Шарасыз күйде, қараңғы түнде жапан далада жалғыз қалғандай күй кештім. Бірақ, жеңілуге болмайды. Өзімнің дәрменсіз күйге түскенімді көрсетуге хақым жоқ. Сол себепті де бар күш-жігерімді жұдырыққа жинадым. Жанарыма тығылған жасқа ерік бермей «Бәрі жақсы болады!» деп қала бердім. Тек солай ғана… Тек солай ғана бас бостандығынан айырылып, темір торға тоқытылып бара жатқан сүйіктіме, құрсағымдағы баланың әкесіне демеу бола алатын едім.
Өзін Айару деп таныстырған оқырманымыз өзінің 10 жылда бастан-кешкенін жиырма парақ етіп жазыпты. Мұның бәрін бір бетке сыйдыру мүмкін болмағандықтан хатының алғашқы «абзацын» қаз-қалпында қалдырып қалғанын ықшамдап бердік.

АНАСЫ ҮЙІНЕН ҚУЫП ШЫҚТЫ…

Айару құрсағында қалған баласы үшін де, темір торға тоғытылған Арман үшін мықты болуы керек екенін түсінді. Дегенмен бұл жолды сүрінбей өтуі үшін Айаруға көмек қолын созған жан бар ма екен? Ол Арманмен некесін қиып қосылмаған. Сондықтан да, екі жастың ата-анасының арасында араздық туындапты. Арманның ата-анасы Айарудың құрсағындағы баланы мойындаудан бас тартқан. Өзін де келін етіп қабылдамайтындарын айтыпты. Ағайынның сөзінен, отағасынан қорыққан қыздың анасы үшін бұл «масқарадан» құтылудың бір ғана жолы болған. Ол түсік жасату. Дегенмен, Айару өсектен қорықып шынайы сезімнің жемісіне балта шаба алмайтынын айтады. Өйткені ол Арманның аман-есен келіп, «өз отбсына» ие болатынына сенді. Алайда, бойжеткеннің анасы мұның бәрін қызының қиялы, негізсіз арманы деп білді. Сөйтіп, қызы үшін шырылдаған ана оны өз еркінен тыс түсік жасатуға апарады. Баланың көретін жарығы бар екен, дәрігерлер жүктілікті үзу тым кеш екенін айтады. Жолдасының ашуынан, көрші-қоланның өсегінен, ағайынның табасынан қорыққан дәрменсіз ана ақыр соңында іші шермейіп байқала бастаған қызын үйінен қуып шығады. Және қайтып келуге тыйым салыпты…

ӘКЕСІ ДЕМЕУ БОЛДЫ…

– Мен үйдің кенжесімін. Әрі жалғыз қызымын. Анам мені 40 жасында туыпты. Менен үлкен 4 ағам бар. Олар өз алдына отау құрып, бөлек тұрады. Әйелдерінің мінезі шатақ болған соң, ата-анам оларды бөлек шығарған. Әкем үнемі «ұлдардан қайыр жоқ. Бір қатынға ие болып, етегінен ұстап кетті. Ал қызым — гүлім, кәрілік бойымды алғанда осы қыз маған қарайды, мені асырайды, бар жиған-тергенім осы қызға тиесілі» деп отыратын. Әкем маңдайымнан иіскеп, сипағанда менен бақытты жан болмайтын, бұл әлемде. Әкемді анамнан артық жақсы көретінмін. Анамның қасына емес, әкемнің жанында ұйықтайтынмын. Әкем шаруашылықпен айналысса қолғабыс болыпқасында жүретінмін. Ол да әрдайым маған қол ұшын беретін. Алматыға оқуға құжат тапсыруға барғанымда да қасымда әкем болған. Грантқа ілікпей қалғанымда әкем жұбатты, мені. Қиналса да, соңғы мал-мүлкін сатып жіберсе де ақылы негізде оқытатынын айтты. Және ешнәрседен тапшылық көрмейтінімді жеткізді. Басыма күн туғанша солай болды да…

Студенттік шақтан басталды… Айару өзінің бастан өткізген қиын сәтін хатта осылай деп келтірген. Арманмен бірінші курста танысқанын жазыпты. Бір көргеннен-ақ екеуінің арасын көрінбейтін бір жіп жалғапты. Жанындағы достары олардың сезіміне, махаббатына қызыға да қызғана да қараған. Уақытының басым бөлігін Арманмен өткізіп, сабақтан көп қалса да Айарудың үлгерімі нашарлаған емес. Ол әрқашан да қатарластарынынан бір саты жоғары болыпты. Тіпті, емтиханға дайындалмай барса да, үздік баға алатын. Қоғамдық жұмыстарға да уақыт табатын. Құрдастары Айарудың жан-жақтылығына, барлығына күш-қуаты жететініне таңқалып жүретін. Ал «Болашақ» бағдарламасына тапсырып, «Президенттік степендияны» иемденгенде группаластары оны «жолы болғыш қыз» деп атаған.
Алайда, Айарудың жолы болғыштығы ұзаққа созылмапты. Жұрттың көзі ме, әлде сөзі өтті ме әйтеуір ол үшінші курс-ты әрең аяқтады.

ҚЫЗҒАНЫШ ДЕГЕН ҚЫЗЫЛ ИТ

Студент қыздың оқу үлгерімі, сабағы бәрі жақсы болғанымен жеке өмірінің астан-кестені шыққан. Бәріне де сол қызғаныш деген қызыл ит себеп болған.
–Бір күні Арман екеуміз студенттік кешке шақырту алдық. Ол кезде бір 2-курста оқитынбыз. Ән, би, ішімдік. Бұған дейін алкогольді сусын ішпейтін Арман бұл кеште әжептеуір масайып қалды. Маған бұл ұнамады. Оның қайта ішпеуін сұрандым. Бірақ, оған менің өктем-өктем сөйлегенім ұнамады. Оған қасындағы достары да «подкаблучник» деп қайрай түсті. Сөйтіп, екеуміз ұрысып қалдық. Менің көңіл күйсіз жүргенімді көрген группаласым Жандос биге шақырды. Мазам болмаса да келістім. Сол бидің соңы Арман мен Жандостың жаға жыртысуымен аяқталды. Төбелестің соңы қайғылы аяқталды. Арман байқаусызда сол жерде екеуінің арасына түсіп, ажыратып жүрген бір студент баланың мойнын сынған бөтелкемен орып жіберді. Не керек, абыр-сабыр басталып, басым айналып есімнен танып қалыппын. Есімді ауруханада бірақ жидым…

АНА БОЛУ БАҚЫТЫ

Істің анық-қанығы тергеліп біткенше арада бірнеше ай өтті. Арманды уайымдап жүрген Айару өзінің жүкті екенін де сезбеген. Тек құрсағындағы бала қимылдағанда ғана дәрігерге қаралыпты.
–Өзімнің жүкті екенімді білгенде қатты қуандым. Бірақ қорқыныш та болды. Дегенмен, Арман екеуміздің махаббатымыздың жемісі екеумізге де күш-қуат беріп, басқа түскен қиыншылықпен күресуге рух береді деп сендім. Солай болды да. 5 жыл бойы темір торда отырған оған баласы мен менің махаббатым демеу болды. Ал Арманның бізге деген сезімі, болашаққа деген үлкен үміті маған барлық қиыншылықты жеңіп шығуға көмектесті. Тіпті, барлығы менен теріс айналып далада қалғанымда мен Арманнан және оның баласынан бас тартпадым. Себебі, мен Арманға, етеңгі күнімнің жарқын боларына сендім.

ӘКЕМ ҚОЛ ҰШЫН БЕРДІ

Басына күн туып, құрсағындағы баласымен далада қалған Айару бәрібір университетті тастамаған. Оқуын жалғастыра түсіпті. Бар зейінін сабаққа аударған ол осылайша қиындықтары туралы ойламауға тырысыпты. Оған жанындағы жан құрбысы Гүлмираның да көмегі тиген. Жатақханаға орналасуға көмектесіп, оқулары аяқталған кезде де үйіне қайтпай Айарудың қасында болған.
–Үшінші курсты аяқтаған кезде, 3 ай жазғы демалыста жатақханада тұрдым. Гүлмира екеуміз кафеге ыдыс жуушы болып орналастық. Жұмысымыздың алғашқы күні клиент көп болды, кеш қайттық. Жатақханаға келсек, есіктің алдында анам отыр. Мені көре салды да егіл-тегіл жылап, құшағына алды. Мен де көз жасыма ерік бердім. Сөйтсем, менің жазғы демалыста үйге келмегеніме күдіктенген, анамның ол жұмыс істеуге қалды деген «жалған ақпаратына» сенбеген әкем, анамды қыспаққа алып, мән-жайды біліпті. Және анама «қалай қуып жіберсең, солай қайтып үйге әкел!» депті.

ӨЗ ӨЗІМЕ КЕЛДІМ…

Өз үйіне оралып, ата-анасының қасына келген Айару өзін жақсы, жеңіл сезіне бастаған. Арманмен де хабарласып хал-жағдайын біліп тұрады. Ол ата-анасының істеген әрекеті үшін ұялатынын жеткізген. Және өзі бостандыққа шыққан соң бәрі басқаша болатынына сендірген.
Ата-анасынан қолдау тапқан Айару еңсесін түзеп, басын көтерді. Аман-есен перзентін дүниеге әкелді. Қызының есімін — Үміт деп қойды. Себебі, болашаққа деген үміті зор еді. Босанып, ана атанса да Айару университетті аяқтады. Сәл шыдаса қолына дипломын алады. Осы кезде де ата-анасының қызына көмегі тиді. Олар баланы алып қалып, Айаруды оқуға жіберді.

АРМАНЫ ОРЫНДАЛҒАН КҮН

Дипломы, жұмысы бар, баласы жанында, ата-анасының қасында Айару өзін өте бақытты сезінді. Сол бақыттың толық болуы үшін тек Арман ғана жетіспеді, оған. Дегенмен сүйіктісімен қауышатын сәт те алыс емес еді.
–Арманның тәртібі жақсы болған соң, оны мерзімінен 8 ай бұрын босатты. Түрменің есігінің алдында тұрып, оны күткенімде көз алдымнан осы мезетке дейінгі жүріп өткен жолым сағымдай өтті. Артыма қарасам ешқандай өкініш жоқ. Алда тек асқақ мақсаттар көп. Және сол мақсаттарға Арман екеуміз қол ұстасып бірге жететінімізге сенімді едім.
Арман түрмеден шыққан соң Айарудың ата-анасының алдынан өтеді. Ал оның ата-анасы Айаруға сырға салып, құда түсіп барады. Айару жас бойжеткенше үйінен ұзатылады. Киімі, төсек орны беріліп, салт-дәстүр бойынша барлық жоралғысы жасалады. Арман жұмысқа орналасап, үлкен тойға қаржы жинайды. Айару екеуі екі жақтап жұмыс істеп, жетпегенін несиеге алып дүркіретіп той жасайды. Себебі Айару барлық қыз секілді қалыңдық көйлегін киюді армандайтын. Және сол арманына жетті де.

БУЫНСЫЗ ЖЕРДЕН ПЫШАҚ ҰРДЫ

–Өкінішке қарай, менің бақытым көпке созылмады. Араға бірнеше жыл салып Арман маған опасыздық жасады. Опасыздық болғанда қандай опасыздық? Егер бұл тек бір мезгілдік көңіл көтеру, еркектік нәпсі болса мен түсінер едім. Тіпті, ішімдікке тойып алып, өзгенің қойнына кірсе де, қателікке балар едім. Бірақ, ол бұл қадамның зердесіне жетіп барған…
Айару жолдасының өзіне жасаған опасыздығын кешірілмейтін күнә деп санайды. Оның үстіне оның махаббатына жасалған қиянат деп біледі. Себебі, өз отбасы бола тұра, жас бойжеткенмен танысып қыз бен жігіт болып жүргеніне 1 жылдан асып кетіпті. Жұмыстан кешігіп келу себебі де, жиі-жиі баратын іссапарларының да себебі осында екен.
–Мен ақымақ болыппын. Махаббаттан көзімді шел басыпты. Бастан кешірген қиындықтардан соң Арманды мұндай қадамға барады деп ойламаппын. Бар шындықты білгенде қатты күйзелдім. Өз-өзіме қол салдым. Бірақ, ата-анам дер кезінде ауруханаға алып барып мені аман алып қалды. Жазылып шыққан соң бірден сотқа ажырасуға өтініш бердім. Балаларымды алып, ата-анамның үйіне кетіп қалдым. Осылайша Арман балаларын көруден қалды. Мен де оның қоңырауларына жауап қатпадым. Дегенмен, мен Арманды қатты жақсы көретінімді, онсыз өмір сүре алмайтынымды ажырасу процесі барысында сезіндім. Сондықтан да болса керек, судья ажырасуға келісім бересіз бе дегенде, мен сот залынан үнсіз шығып кеттім…
Осылайша Айару мен Арман қайта табысыпты. Айару айрандай ұйып отырған отбасының шырқын бұзғыса келмеді. Балаларының әкесіз өскенін қаламады (Бұл нағыз дангөй әйелдің шешімі-ред). Сондықтан да Арманға тағы бір мәрте мүмкіндік береді. Бұл Арманның соңғы «шансы». Егер тағы бір аяғын шалыс басса, Айару оны кешірмеймін дейді. Және сол шешімі үшін өкінбейтінін айтады.
18 жасқа аяқ басқан сәтінде, барлық армандары мен мақсаттары күл талқан болған Айару осы 10 жылдың ішінде қартайып кеткен. Құрдастарынан әлде қайда ересек көрінетінін айтады. Және терең ойлайды. Өткенін күнделікті саралап шығатын ол өткеніне өкінбейді. Және мұны өзіне берген Алланың сынағы деп қабылдайды екен.

Хатты өңдеген А.Ермекқызы

«Оңтүстік Рабат», №38, 18 қыркүйек 2019 ж