Сарыағаш АПБ-не косметика шығарып, сатумен айналысатын белгілі фирманың қызметкері арызданады. Ол өз арызында, Сарыағаш ауданы бойынша 2000-нан астам тұрғындары атынан фирманың жалпы құны – 100 миллион теңге тұратын косметикаларын белгісіз тұлғалар жалған төлқұжаттың көшірмесі арқылы алып, ақысын төлемегін көрсетті.
Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, 2 бап, яғни ҚР ҚК-нің 195-бабы «Алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен мүліктік залал келтіру» және 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді.
Орын алған қылмысты ашу, алаяқтарды ұстау мақсатында Түркістан облысы Полиция департаментінің тәжірибелі полицейлерінен жедел-тергеу тобы құрылып, іздестіру іс-шараларын жүргізді.
Тергеу барысында аталған қылмысты алдын ала сөз байласу арқылы қылмыстық топ жасағаны анықталды. Күдіктілер барлық байланыстарын пайдалана отырып, таныстарының және олардың жақындарының жеке кәліктерінің көшірмесін алып және нотариуспен сөйлесіп, жалған төлқұжаттарды куәландырып отырған. Содан кейін фирманың өкілі ретінде тіркеп, өзге адамның атына заттарға тапсырыс берген. 3 аптадан кейін ақысын төлеуі керек болған тұрғындарға фирма өкілдері қарыздары барын айтқан кезде, тұрғындар тарапынан «ешқандай фирмада берешегі жоқтығын” айтып, үлкен түсінбеушілік орын алған. Осыдан соң жәбірленуші тарап полицейлердің көмегіне жүгінген.
Аталған алаяқтық ісі бойынша қазіргі таңда Сарыағаш ауданынан қатысы бар нотариус анықталып, заттай дәлелдеме ретінде жалған жасалған сенімхаттар мен қажетті құжаттар алынды. Қазіргі таңда аталған алаяқтық ісі бойынша 2 қылмыстық топ анықталды.
Қылмыстық іс бойынша облыстық Полиция департаментінің Тергеу басқармасы айналысуда. Оған қоса алаяқтық жолымен алынған косметикалар Өзбекстан Республикасының азаматтарына сатылғаны анықталып отыр.
Сондай-ақ, тергеу барысында тағы 2500-ге жуық азаматтардың атынан фирманың өнімін алғаны белгілі болуда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Түркістан облысы ПД-нің арнайы құрылған жедел-тергеу тобы қалған қүдіктілерді анықтау мақсатында бүгінде қарқынды түрде қызмет атқаруда.