Ақшасы жоқ бадминтоншылар Қазақстан Кубогын сарапқа салуда

180

Түркістандық бапкердің сөзіне сенсек, олар халықаралық жарыстарға шығу үшін халықаралық федерацияларға алақан жаяды. Ал Түркістан облысындағы жауаптылар бадминтоншыларды жарыстарға жолдау былай тұрсын, жаттығатын залмен де қамтамасыз ете алмауда.

Бұл зал Шымкенттегі ең биік әрі кең орындардың бірі. Түркістандық бадминтоншылар мұндай жерге Республикалық жарыс кезінде ғана кіре алады. Өзге уақытта тар залда жаттығады. Дегенмен Қазақстан Кубогы үшін тартыста жақсы нәтиже көрсетіп-ақ жатыр. Асқар Ормановтың шәкірттері ақтық сынға шығып, түркістандықтардың қоржынына медаль салды.

«Қаражат жеткіліксіз. Оған да үйреніп қалдық. Ақшаның жоқтығынан бұл жолғы олимпиадаға да бара алмаймыз. Ал халықаралық жарыстарға шығу үшін бүкіләлемдік ұйымдардан қаржы сұраймыз» дейді бадминтоншылар.

Дегенмен үмітін жоғалтпаған түркістандық бадминтоншылар Қазақстан Кубогына барын салуда. Өйткені, іріктеуден өткендер Малайзияда өтетін Әлем чемпионатына жол тартады. Қазіргі таңда басты үміткер Дмитрий Панарин мен Артур Ниязов. Бойжеткендер де жүлделі болсақ деп тырысып бағуда.

Түркістандықтар ақшасын санап жүрсе, шымкенттіктер жүлдеден қағылды. Ақтық сынға жолдама ала алмай, Олимпиаданың ауылы алыстағанын түсінгендей. Бұл жолғы Республикалық сынаққа еліміздің сегіз облысынан жетпіске жуық бадминтоншы жиналды. Олардың арасында өз аймағының үздіктері басым.

«Әлем чемпионаты ақпан айында өтеді. Азияның үздіктері сынға түседі. Үздіктер арасында біздің де жерлестеріміз болады деген үміт бар. Ол үшін осы жарыста топты жару қажет» дейді жаттықтырушылар.

Соңғы жылдары қаражаттың тапшы болуынан оңтүстікте бадминтонның ақсап қалғаны рас. Республикада жүлделі болғанына мәз спортшылардың арманы халықаралық аренаға жолдама алу. Ол үшін жергілікті биліктің қолдауы қажет. Өйтпеген күнде келесі төрт жылдықта да бадминтоншылар Олимпиадаға бара алмайды.

Назерке Үкібасова