Биылдың 19 қыркүйегіндегі жағдай бойынша, Шымкент қаласында атаулы әлеуметтік көмек алуға 74 264 отбасынан өтініш түскен. Бүгінге дейін 61 411 отбасына 44,2 млрд теңге тағайындалды 52 222 отбасына немесе 257 996 адамға 14,2 млрд теңге төленді. Ал 9 189 өтініш (15%) кері қайтарылды. Бұл туралы Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Хабарламада айтылғандай, қабылданған өтініштердің саны 2018 жылмен салыстырғанда (10,8 мың отбасы) 6,7 есеге артқан.
Көмек алушылардың ішінен жұмыспен қамтудың белсенді түрлерімен қамтылуға жататын 23 637 адаммен әлеуметтік келісім шарт түзілген.
Олардың 4 486-сы жұмысқа орналасыпты.
— Сонымен қатар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан 7 596 отбасының табысын жасырғаны анықталған. Сөйтіп 2 149 отбасына 1 530 млн теңге көлемінде тағайындалған төлемдер толық тоқтатылып, 70,6 млн теңгесі бюджетке қайтарылған. Бүгінгі таңға 271 отбасыға хабарландырулар таратылып, оның ішінде 3 отбасы 828 392 тг өз еркімен бюджетке қаржысын қайтарды. Сондай-ақ, 5 447 отбасының әлеуметтік төлемдеріне қайта есептеу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Нәтижесінде, 5 097 отбасының төлемдері қайта есептеліп тағайындалған сомма 1 037,4 млн теңгеге кемітілді,-дейді Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының бөлім басшысы Гүлдана Нұржанова.
Мұнымен қатар, аудандарда өңірлік комиссиялар құрылған. Комиссия құрамында аудан әкімінің орынбасары, салық органының өкілі, учаскелік полиция өкілі, қоғамдық бірлестіктер өкілі, жұмыспен қамту басқармасының маманы бар. Олар атаулы әлеуметтік көмек алушыларды үйме-үй аралап, табыстарын қайта қарау жұмыстарын жүргізеді.
Бұған қоса, қазіргі таңда 13 660 отбасының табыстары қайта тексеріліп, 2 520-сының әлеуметтік көмекке мұқтаж емес екені анықталған. Содан ол отбасыларға төлемдер тоқтатылып, тағайындалған соммадан 788 млн теңге үнемделіпті.
Басқарманың ескертуінше, жүргізіліп отырған мониторинг нәтижесінде, әлеуметтік төлемдердің тоқтатылуы халық арасында әлеуметтік тұрақтылыққа кері әсерін тигізуі және әлеуметтік шиеленіс ошақтарын туғызуы мүмкін екен.
Айта кетерлігі, 2019 жылға атаулы әлеуметтік көмекті төлеуге 22,3 млрд теңге бөлінген. Оның 10,4 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, 11 млрд теңгесі ұлттық қордан, ал қалған 0,9 млрд теңгесі жергілікті бюджет есебінен бөлініп отыр.
«Оңтүстік Рабат», №39, 25 қыркүйек 2019 ж