Бүгін Қазақстан Ресбуликасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен Саз колледжі бірлесе «Адал – жас ұрпақ» атты патриоттық әндер мен мәнерлеп оқу байқауын өткізді.

Байқаудың басты мақсаты – музыкалық туындылар, танымал музыка арқылы отанға деген сүйіспеншіліктерін арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің құндылықтарын дәріптеу болып табылады.

Байқауға жалпы 11 әнші, 9 жүргізуші қатысты. Жеке орындаушылар өздерінің вокалдық өнерлерін көрерменге ұсынса, қатысушылар мәнерлеп оқу дағдыларынан да сынға түсті. Халық әндері мен қазіргі заманғы патриоттық әндер де шырқалды.
Жүлделі орындарды анықтау барысында қазылар алқасы байқауға қатысушылардың дауыс ырғағына, орындаушылық шеберлігіне, әннің байқау шартына сәйкестігіне, орындаушылардың сахна мәдениетіне баса назар аударды.

Байқау қорытындысымен Жүргізушілер номинациясы бойынша бас жүлдені — Тлесбек Нұрасыл иеленсе, І-орынды Сапарәлі Мұса, ІІ-орынды Мұрат Ақбота, ІІІ-орынды Серкебаева Алина иеленді.

Патриоттық әндер номинациясы бойынша бас жүлдені Қуаныш Белал иеленсе, І орынмен Шалабай Аймекен, ІІ-орынмен Изгали Динара, ІІІ-орынмен Рахымхан Аплатон марапатталды.

Іс-шара соңында үздік танылған жеңімпаздар мен белсене қатысқан топтар алғыс хаттармен марапатталып, естелікке суретке түсті.