Спортсүйер қауым үшін өткен апта тартысты бәсекелерге толы болды. Халқымыз жанкүйерлікпен тамашалайтын екі бірдей спорт түрінен әлем чемпионаты жалауын көтерді.
«Олимпиадада әділдік болса, алтын аламыз»
Ең алдымен айтулы аламанға былғары қолғап шеберлері аттанды. Бокстан биылғы әлем біріншілігі Ресейдің Екатеринбург қаласына белгіленген болатын. Жер жүзінің әр қиырынан ат терлетіп келгендердің арасында Түркістанның 2 боксшысы мен Шымкент қаласының бір спортшысы бар. Олар 52 келі салмақтағы Сәкен Бибосынов, 57 келі салмақтағы Қайрат Ералиев және 63 келі салмақтағы Закир Сафиуллин.
Ең алдымен жарыс жолына жеңіл салмақтағы Бибосынов шықты. Спортшы бірінші кездесуінде Моңғолиялық Хархуу Энхмандахты абыроймен жеңіп, екінші кезеңге жолдама алды.
Қайрат Ералиев те алғашқы аламанда Венесуэлалық Финолом Ривос-ты есеңгіретті.
Закир Сафиуллин де жерлестерінен қалыспай Әзірбайжандық Бақтияр Газибаевты жеңді.
Осылайша бірінші айналымды абыроймен аяқтаған спортшылар екінші кезеңде де қолдау білдірген жанкүйерлерді жерге қаратпады. Айта кетейік, келесі айналымда Закир Сафиуллин тіпті шаршы алаңға шыққан да жоқ. Қарсыласын жұдырық серпімей-ақ жеңген ол осылайша 1/8 финалға өтті. Алайда, Сафиуллиннің үшінші айналымда жолы болмады. Шаршы алаңда кубалық Энди Круспен жұдырық түйістірген 63 келі салмақтағы спортшы қарсыласына төрешілер шешімімен есе жіберді. Одан кейін жарыс жолына Қайрат Ералиев шықты. Еске сала кетейік, 57 келі салмақтағы Қазақстанның үздігі бұған дейін 2017 жылы өткен Әлем біріншілігінде жеңіске жеткен болатын. Сол жылдан бері олимпиадалық спорт түрлерінен әлем чемпионатында қоржынға түспеген алтынды алған Қайраттың асығы бұл турнирде алшысынан түскен жоқ. Жалпы, Гамбургтегі жұлдызды жеңісінен кейін Ералиевтің соңғы кездері жолы болмай жүр. Азия чемпионаты мен Азия ойындарында да жүлде тұғырына көтеріле алмаған былғары қолғап шеберін Ресейдегі жарыста өзбек боксшысы үйіне қайтарды. Миразизбек Мирзахалиловтан 1:4 есебімен жеңіліп келе жатқан Қайраттың бұл кездесуі бір раундпен аяқталды. Шаршы алаңдағы тартыс бұрынғы әлем чемпионының жарақатына байланысты тоқтатылды. Сөніп келе жатқан үміт отын Әлем біріншілігіне алғаш рет қатысқан Сәкен Бибосынов жақты. 52 келі салмақта өнер көрсеткен жерлесіміз мұндай жеңісті жолды өзі де күтпесе керек. Қолын көтерген сайын қуанышын жасыра алмаған Бибосынов жартылай финалда Амит Пангалдан жеңілді. Төрешілердің 3:2 есеп айырмасы бойынша қоланы қанағат тұтқан Сәкен басқалардың да өзінен медаль күтпегенін айтады.
– Көпшілік менен мұндай жүлдені күткен жоқ. Бірақ, өзім сендім. Жаратқаннан сұрадым. Тілеуімді қабыл етіп құр алақан қайтқан жоқпын. Өкініш жоқ деп айта алмаймын. Ағайым мықты әдіс қойып берген еді. Бірінші раундта барлығын ойдайғыдай жасадым. Бірақ, екінші раундта қарсыласымның айласы асып, басым түсті. Енді ондай қателікке жол бермеймін. Алдағы бәсекелерде алтын алуға барымды саламын,-дейді бокстан Әлем біріншілігінің қола жүлдегері Сәкен Бибосынов.
Әлем біріншілігінің қола жүлдегерінің жартылай финалдағы қарсыласы осал болған жоқ. Азия чемпионы, Азия ойындарының чемпионы атанған үндістандықтың тәжірибесі мол екен. Жалғыз қоланы қанағат тұтқан Түркістан облысының командасы бір аптадан соң келесі сайысқа дайындықты бастайды. Және келесі жылдың ақпан айында Қытайға аттанады. Онда былғары қолғап шеберлері үшін жауапты жарыс жалауын көтермек. Спортшылар 2020 жылы Токиода өтетін олимпиада ойындарына лецензия ұтуға мүмкіндік алады. Айта кетейік, Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен бокстан әлем біріншілігінде олимпиада ойындарына жолдама берілмеді.
– Жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Биыл әлем чемпионатында олимпиадаға жолдама берілмесе де, тартысты өтті. көптеген елдердің боксы дамығаны көрініп тұр. Ал, соның ішінде Азия құрлығы өте мықты өнер көрсетті деп айта аламын. 8-ақ салмақты санасақ 32 медаль. Соның 15-і Азия құрлығына бұйырды. Бұл Азия құрлығы боксының жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Біздің команданың дайындығы мықты болды. Әр кездесуін жоғары деңгейде өткізді. Көптеген елдер біздің бокс мектебін мойындайды. Кейбір жағдайлармен біз командалық үшінші орында жүріп қаламыз. Кім біледі, олимпиадада әділдік болып жатса, әлі талай жігіттеріміз алтын алып, елді қуантады деп ойлаймын. Әттеген-айымыз да бар. Ол — кейбір жігіттердің медаль ала алмағаны. Кейбір жігіттердің жартылай финалда жеңістері оң бағаланбағаны. Бірақ, оны қайғырып, уайымдап отыратын боксшылардың уақыты жоқ. Енді өкінішті жағдайға түспейтіндей, бұра алмайтындай қылып ұруға бар күшімізді саламыз,-дейді бокстан Түркістан облысы командасының аға жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов.
Қазақ жеріндегі әлем күресі
14 қыркүйекте Қазақстан спорт тарихында ерекше оқиға орын алды. Нұр-Сұлтан қаласында жылдың күттірген жарысы жалауын көтерді. Грек-рим, еркін және әйелдер күресінен басталған Әлем чемпионаты елімізде бұрын-соңды болмаған. Оған қатысу үшін әлемнің 100 мемлекетінен «Сен тұр, мен атайын» деген жұлдызды балуандар бас қосты. 10 күнге жоспарланған жарыстың негізгі мақсаты төртжылдықтың басты бәсекесіне алғашқы жолдамаларды тарату. Лецензиядан отандық балуандар да дәмелі. Бірақ, ел құрамасының сапында түстіктің жалғыз балуаны өнер көрсетті. Ол бұған дейін Шымкент қаласының атынан шығып жүрген Мейіржан Шермаханбет. 23 жастағы балуан қала намысын қорғап жүргенінде Әлемнің қоласы мен Азияның күмісін алған болатын. Абыройы артып келе жатқан 67 келі салмақтағы спортшы бұл жолы құрама қатарына Түркістан атынан шықты. Ересектер сапына қосылғалы бері жеңіліс көрмеген Мейіржанның жолы үйдегі бозкілемде болған жоқ. Жанкүйерлер ғана емес бапкерлер де үлкен сенім арқан Шермаханбет алғашқы кездесуінде тақымын қысқан жұртты таң қалдырды. Белдесуде америкалық Эллис Коллиманмен өзара мықтыны анықтаған жерлесіміз қарсыласынан 2:10 есебімен жеңілді.
Бұған дейін әлемдік аламандар мен құрлықтық бәсекелерде балуандарымыз бір күміс немес бір қоланы қанағат тұтып қайтатын. Ал, елімізде өткен чемпионатта ел қоржынына 7 бірдей жүлде түсті. Өкінішке қарай, арасында алтын жоқ. 3 күміс болса, 4 қола жүлде. Осылайша жерлестеріміз олимпиада ойындарына 10 жолдама жеңіп алды. Ал, жолдама бұйырмаған спортшыларға енді Азия біріншілігінде мүмкіндік беріледі. Тек алтыннан алқа таққанда ғана келесі жылы күтіп тұрған жауапты жарыста ел намысын қорғайды.
Назерке ҮКІБАСОВА
«Оңтүстік Рабат», №39, 25 қыркүйек 2019 ж
фото: olympic.kz