Арыс қаласында көпбалалы және тұрмысы төмен медицина қызметкерлеріне арналған «Қысқа дайындық» қайырымдылық акциясы өтті. Облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мен «DENSAULYQ» денсаулық сақтау ұйымдары жұмыскерлерінің жергілікті кәсіподағы ұйымдастырған шарада медбикелер мен тазалық қызметкерлеріне азық-түлік себеті мен ақшалай сыйлықтар табысталды.
Акция барысында Арыс қалалық орталық ауруханасында жұмыс істейтін 20 қызметкерге көмек көрсетілді. Бұл қызметкерлердің қатарында көпбалалы аналар мен пәтер жалдап тұратын, жалғыз өзі балаларын асырап отырған және жарылыс кезінде үйлеріне зақым келген медбикелер мен санитарлық қызметкерлер бар.
Медицина қызметкерлерінің «DENSAULYQ» кәсіподақ ұйымы басшылығы алдағы уақытта да жарылыс болған қаладағы медицина қызметкерлеріне барынша қолдау көрсетеміз деп отыр. Өз кезегінде кәсіподақ тарапынан көрсетілген көмектерге медицина қызметкерлері де өз ризашылықтарын білдірді.