Балаға күлкі сыйлауға: 365 теңге

265

365 теңге. Бұл аз ба, әлде көп пе? Бір жылға шаққанда күніне 1 теңге. Бір қараған жанға мардымсыз көрінетін бұл соммаға, сал ауруына шалдыққан 26 мың баланы оңалтуға болады. Сондықтан да «Қасиетті жол» қоғамдық қайырымдылық қорының өңіріміздегі өкілдері «Сал ауруы бар балаларға қол ұшын берейік!» атты қайырымдылық шарасын ұйымдастырып отыр. Мақсаты – жиналған қаржыға Қызылорда және Тараз қалаларынан әлеуметтік жағдайы төмен отбасының және бөбектер үйіндегі сал ауруына шалдыққан балаларды тегін сауықтыратын орталықтар ашу. Себебі, 3 облыс пен Шымкент қаласы үшін 50 орындық бір ғана оңалту орталығы жұмыс істейді.

ДЦП ЕМДЕЛМЕЙДІ!

Балалардың целебралді сал ауры – халық арасында «ДЦП» атауымен белгілі. Мидың зақымдануынан пайда болатын ауру. Бұл дертпен ауыратындардың қимыл-тірек қозғалысы бұзылады.

Дәрігер-реабилитолог Нұрбибі Байболатованың айтуынша, бұл дерт:
жүрек талмасынан кейін миға қан кетуден, бас-ми жарақатын алудан, жүйке жүйесінің түрлі вирустық ауруларға шалдығуынан пайда болады екен.
Дәрігерлер бұл дерттің емделмейтінін айтады. Сөздерінше, сал ауруына шалдыққан балалардың миы 8 жасқа дейін жетілетіндіктен оларды осы жасқа дейін емдеудің маңызы зор. Сондықтан да науқастың жағдайын жақсартып, өз-өзіне қызмет көрсету функциясын қалыптастырып, бейімделуі үшін үздіксіз оңалту шараларын жүргізу керек.
Еліміздегі «Қасиетті жол» қоғамдық қайырымдылық қорының бұл бағыттағы атқарып жатқан жұмысы ұшан-теңіз. Өз жұмысын осыдан 8 жыл бұрын бастаған қор, 2011 жылы бөбектер үйіндегі ДЦП балақайлар үшін еліміз бойынша 9 оңалту бөлмесін ашқан. Бүгінгі таңда қордың демеушілігімен елімізде 3 оңалту оралығы бар. 2014-2018 жылдары аралығында осы орталықтарда 3047 бала тегін оңалту қызметін алған. Бұл орталықтарда баланы тек емдеп, психологиялық, педагогикалық, әлеуметтік бағытта жан-жақты оңалтып қана қоймай, оның ата-анасымен де жұмыс жасалады. Яғни, орталықтан шыққан ата-ана келесі оңалту шарасына дейін баламен үйде жұмыс істей білуі керек.

1330-ы күнгейлік балақай ем алған

Тараздық Ахмадияр Қаршыға солардың бірі. Анасы Гүлнұр Нұрманбаеваның айтуынша, 6,5 жасар Ахмадиярға «ДЦП – микроцефалия, сол жақты гемипарез» диагнозы қойылған. Баланың анасы квотамен Елордада екі рет емделгендерін айтады. Бірақ оңалту курсының жиілігі ұзақ болған соң балаға ем қонбаған. Содан көпбалалы ана 2016 жылы «Қайырымды жол» қорының жұмысы жайлы естиді. Қажетті құжаттарын жинастырып, баласын осы қордың негізінде ашылған оңалту орталығына кезекке қояды.
– Міне, әр 6 ай сайын үшінші жыл қатарынан осында келіп емделудеміз. Мемлекеттік бағдарламамен жұмыс істемесе де қор бізге тегін сауығуға мүмкіндік беріп отыр. Мұның бәрі қорға өз еркімен қаржы аударып отырған жаны жомарт жандардың арқасы деп білемін,- дейді 4 баланың анасы Гүлнұр Нұрманбаева.
Байқағанымыздай, Ахмадияр сал ауруына шалдыққан басқа балаларға мүлдем ұқсамайды. Жүгіріп, секіріп, велосипедті емін-еркін теуіп жүр. Түстерді, сандарды қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде «сайрап» айтады. Дәрігерлер мұның бәрі тынымсыз еңбектің, қажырлы қайраттың жемісі деп біледі. Дегенмен мұнымен шектелуге болмайды дейді. Ахмадиярдың ой-өрісін дамыту бағытында әліде жұмыс істеу керек екен.


Ал арыстық – Бибігүлдің жасы 14-те. 8 сынып оқушысының өз қатарластарынан ақыл-есі кем емес. Тек дене бітіміндегі кемістік болмаса оны сал ауруына шалдыққан деп ойламас едік. Дейтұрғанмен өмірге құштар, ақжарқын Бибігүл бұған қам жемейді. Мұны Алланың сынағы деп қабылдап, алға қарай ұмтылуда.

АЙ САЙЫН 50 БАЛА ОҢАЛАДЫ

Айта кетейік, «Қасиетті жол» қоғамдық қайырымдылық қоры еліміздегі сал ауруына шалдыққан балаларды оңалтуға бағытталған бірегей жоба. Жобаның нәтижесінде Елордада «Қасиетті жол» оңалту орталығы және «Балапан» ерте араласу орталығы, Шымкентте «Kzhol Shymkent» оңалту орталығы жұмыс істейді.
Жобаның оңтүстіктегі өкілі Айгерім Жұмағалитегінің сөзінше, ауруды неғұрлым ерте бастан анықтап, уақытында емдік шара қолданылса, осы дертке шалдыққан баланың қоршаған ортаға сіңісіп кетуі соғұрлым жеңіл болмақ. Және қор осы бағытта жұмыс істеуде. Алайда, ол халқы тығыз орналасқан оңтүстік өңіріне бір ғана орталықтың жеткіліксіз екенін тілге тиек етті.
-Біздің оңалту орталығы ай сайын 1 жас пен 13 жас аралығындағы 50 науқасты қабылдайды. Олар Қызылорда, Тараз, Түркістан облысынан келген және Шымкенттік балақайлар. Олардың 40-ғы амбулаторлық ем қабылдаса, 10-ы жатып ем алады. Стационарлы емделетін 10 науқастың емі, ас-ауқаты, жатын орны бәрі тегін. Емдік курс 21 күнге созылады,- дейді Айгерім Жұмағалитегі.
Білгеніміз, оңалту орталықтары мемлекеттен көк тиын алмайды. Мұның да өз себебі бар. Мемлекеттік тапсырыс аясында 1 науқас жылына тек бір рет тегін курспен қамтамасыз етілуі керек. Ал жылына бір рет ем алу дертке шипа болмасы анық. Сондықтан да қор әкімшілігі тек демеушілердің көмегіне сүйенеді. Халықтан түскен қаражат балалардың реабилитациясына жұмсалса, әкімшілік шығындар құрылтайшылардың есебінентөленеді.
Сал ауруына шалдыққан балаларға әрбір қазақстандық көмек бере алады. Сіз де осы жобаға өз үлесіңізді қосқыңыз келсе Каспибанк, Халық банк, Сбербанк, Форте банк, Нұрбанк арқылы не қордың #КАЗАХСТАНТВОРИТДОБРО қосымшасы арқылы аударым жасай аласыз.
«Қасиетті жол» қоғамдық қайырымдылық қорының ресми сайты: www.kzhol.kz

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №41, 9 қазан 2019 ж