«Бала болдым, баламды тастап кеттім»

278

Келесі кейіпкеріміздің редакцияға хат жолдауына газетіміздің өткен санында (№39, 24 қыркүйек, 2019 жыл) жарияланған Асылымның хаты себеп болыпты. Небәрі 29 жастағы келіншек туған баласына ана екенін айтқысы келетінін жеткізген. Айтуынша бауыр еті баласынан кезінде өзі бас тартқан.

Есімім – Асылзат. 29 жастамын. Шымкентте тұрамын. Кішкентайымнан күлген күнімнен жылаған күндерім көп. Қуанышты сәттерім санаулы ғана. Ата-анамнан 11 жасымда айрылдым. Жаныма серік болар бауырым да жоқ. Ата-әжемнің қолында өстім. 16 жасымда маған қолдау көрсетіп, үнемі қасымнан табылатын әжем өмірден өтті. Әжем кеткенде өзімді мына әлемде жалғыз қалғандай сезіндім. Өйткені, одан басқа жанымды түсінер жан жоқ еді. Әкемнің ағасының әйелі мен балалары үнемі мені қағытып, жылатып қоятын. Әңгімем жақындарымнан көрген қорлығым жайлы емес. Әжем өмірден озған кезде колледжге оқуға түскен едім. Бар ынта-жігерімді оқуға бергім келді. Солай жасадым да. Алайда, ақша заманда табысың болмаса да қиын. Оқудан кейін бір кафеге даяшы болып жұмысқа орналастым. Ағам мен оның әйелінің қолына қарағым келген жоқ. Кемпірі қайтқан соң атамда билік қалмаған еді.
Өмірімдегі өзгеріс осы кафеге қызметке орналасқан күнімнен басталды. Сол жерде мен сияқты даяшы болып жұмыс істейтін студенттер көп болатын. Солардың бірі – Дарын. 3-курста оқиды. Мұнда жұмыс істегеніне біраз уақыт болған. Барлығы оны жақсы танитын. Сымбатты, қадірлі жігітті ұжымдастары құрмет тұтатын. Келген кезден маған бірден көмектесіп, міндеттерімді түсіндірді. Ерекше жылы қабылдады.
«Жұмыс істеу үшін саған әлі ерте ғой» деп те айтып қоятын. Сәл кешіксем, ешкімге білдірмейтін. Жұмыстан кеш қайтқанда үйге жеткізіп салатын. Қателігім болса, басшылардың алдында ақтап алатын. Осындай қасиеттерімен мені өзіне баурап алды. Бәрімен тез тіл табысып, қолынан келгенше көмегін аямайтын.
Осылайша уақыт өтіп жатты. Мен күн өткен сайын оған бауыр бастым. Жақсы көрдім. Оның да маған сезімі бар екенін сезетін едім. Бұл сәттерді көп ұзатып жазбай-ақ қояйын.
Негізгі айтпағым Дарын екеуіміздің арамыздағы сезім емес. Ол бір күні сөз салды. Мен де оның сөзін қабыл алдым. Ерекше бақытты болдым. Кейде тіпті сонша бақытты болып кетуімнен де іштей қорқып қоятын едім.
Бір күні аяғым ауыр екенін білдім. Біз күтпеген жаңалық. 18-ге толуыма әлі бірнеше ай бар еді. Қатты уайымдадым. Ойлана келе «баланы алғызамын» деген шешімге келдім. Мұны Дарынға айтпадым. Баладан құтылу үшін дәрігерге барғанымда баланы алдыратын уақыттан асып кеткенін білдім. Дарынға айтуыма болар еді. Оның да әлеуметтік жағдайы мәз емес. Ауру анасы бар. Ертең басына «салмақ» болмайын дедім. Ол баланың өмірге келуіне міндетті түрде қарсы болатынын білемін. Енді бала өмірге келгісі келіп тұр. Мен амалсыз Дарынға айттым. Күткенімдей емес, ол бұл жаңалыққа қатты қуанды. Тез арада отбасылы болуымыз керек екенін айтты. Өзі пәтер жалдап тұратын еді. Мені анасымен таныстыруға алып барды. Сол кездегі тұрып жатқан үйлері өте өте жұпыны, тап-тар екені мені уайымдатты. «Ертең бала дүниеге келсе, мұндай жерде қалай тұрады» деп қорықтым. Дарынның бар табысы анасының емінен аспайды.
Менің туысқандарым аяғымның ауыр екендігін білмейтін. Қатты уайымдай бастадым. Мінезім бұзылды. Ешкімді жақтырмаймын. Дарынмен жиі ұрысып қала беретін болдық. Оның аузынан шыққан әр сөзіне ренжитінмін. Білмеймін, кімге өкпелімін? Өзіме ме, Дарынға ма? Әлде өмірге ме? Ішім біліне бастағанда туысқандарыма «басқа қалада алты ай тәжірибеден өтемін» деп өтірік айтып мүлдем бармай қойдым. Олардың да маған уайымдап, мені іздейтіндері шамалы. Өзім оқудан шықтым. Дарынның үйіне бардым. Ол жердегі өмірім мен ойлағандай болмады. Аяғым ауыр. Анасына қараймын. Баламның әкесі жұмыста. Қатты қиналған кездерім көп болды. Арамызда сыйластық қалмады. Ұрыса береміз. Қатты ашуланған күнімде Дарын баласын босанғаннан кейін өзіне тастап, менің кете беруімді айтты. Бұл сөзі маған да өтіп кетті. Қалай босандым, солай баланы Дарынға қалдырдым да, Алматыға жол жүріп кеттім. Жас болдым ба, көп ештеңені ойламадым. Балама деген қимастық сезімі ерекше болмады. Мүмкін әкесіне қалдырып бара жатқанымнан болар. Мен кетіп бара жатқанда Дарын: «кететін болсаң, енді қайтып ешқашан келме, баланы да көрмейсің» деген еді. Сөзіне қатты мән бермедім.
Алматыға барғаннан кейін де бәрі мен ойлағандай болмады. Қиналдым. Жұмыс іздедім. Сезімге берілмеуге өзіме уәде еттім. Тағы бір мейрамханаға даяшы болып қызметке орналастым. Өзімді тек жұмысқа арнадым. Үш жылдан кейін администратор болдым. Осынша уақыт ішінде балам мен Дарын бір де бір күн ойымнан кетпеді. Оларды ойламай өткізген күнім қалмады. Алматыға барған соң бір жылдан кейін Дарынның анасының қайтыс болғанын естідім. Сосынін ол да баламызды алып Таразға кетіпті. Сол жақта қызметінде өсіп, жағдайы да жақсарған. Баламыз 4-ке толған кезде отбасын құрған. Кешірім сұрап баруға, олардың жанында болуға қаншама рет оқталдым. Бірақ Дарынды өте жақсы танимын. Оның мені қабылдамайтынын білдім.

Жағдайым жақсарып, уақыт өткен сайын баламды ойлаймын. Сол кезде оны неліктен қалдырып кеткенімді түсіне алмаймын. Мүмкін мені оқып отырған оқырман «өзіңе де сол керек» дейтін шығар.
Бүгінгі ақылым сол кезде болғанда мұндай әрекетке бармас едім. Өте жас болдым. Өзім бала едім. Өмірдің қиыншылыған төзбедім. Жоқшылықтан қорықтым. Адам, соның ішінде ананың басты байлығы – баласы екенін білмедім. Басқаның бәрі де баланың қасында ештеңе емес. Балам 7-ге толған кезде Дарынмен сөйлесуге бекідім. Сөйлестім де. Ол «қазір оның анасы бар» деді де менімен сөйлеспеді.
Психологтармен де сөйлестім. Баламның сенімін қайтару, оны жақсы көретіндігіме сендіру қиын-ақ. Мен алған бетімнен қайтпаймын. Кезінде ақымақтықпен отбасымды сақтап қала алмадым. Енді балама аналық міндетімі атқарғым келеді. Дарын ақылды жігіт қой. Қазір мені көргісі келмесе де уақыт өте келе түсінуге тырысса екен. Әлі күнге отбасын құрмадым. Бар арманым – балапанымның қасында болу. Оған ана мейірімімді арнау.
Білемін, менің қателігім кешірілмейді. Бірақ кез келген адамға екінші бір мүмкіндік беріледі ғой. Оның мені анасы ретінде көруі үшін бәрін жасауға дайынмын. Қандай жағдайда өзімді ақтап ала алмаймын. Бірақ ата-ана тәрбиесін көріп, отбасы дегеннің не екенін біліп өскенімде, мұндай жағдай болмас па еді? Кім білсін?!
Психолог маманның кеңесіне жүгіне отырып, баламды бауырыма басқанға дейін мен азап шегуге дайынмын. Бұл дертті басыма ешкім емес, өзім қалап алдым. Азабын да көтеруім керек. Не көрсем де ішімдегі үміт оты өшпейді.

Жазып алған – Жанерке ХУМАР

«Оңтүстік Рабат», №40, 2 қазан 2019 ж