Шымкентте 8 балалы отбасы далада қалды. Осыдан 2 жыл бұрын үйлерін кепілдікке қойып несие алған тұрғындар жылға жуық қарызын өтемей келген. Салдарынан баспана банк меншігіне өтіп кеткен. Қарызынан құтылмаған тұрғын өзін үйден шығармақ болған сот орындаушының жағасынан алып, дау-жанжал шығарды.
Несиенің соңы дау-жанжалға ұласты. Қарызын төлеуге қауқарсыз тұрғындарға сот шешімі ескертілген құжат өткен жылдың желтоқсан айында келген. Кепілдікке қойылған үйінің банк меншігіне өткенін білсе де үйдің қожайыны өліспей беріспейміннің керін көрсетті.
Баспанасыз қалған тұрғынның қарсылығына қарамастан сот шешімін орындауға келген құзырлылар да қызметтерін атқару үшін аянып қалған жоқ. Тараптар тартысы ұзаққа созылды. Жауаптылардың киімдері жыртылып, жарақат та алды.
Банктен несие аламын деп баспанасыз қалған тұрғындарға кепілдіктегі үйде тұра тұруға мүмкіндік берілді. Қалай дегенмен, көпбалалы отбасы жұмаға дейін үйді босатуы тиіс.
Назерке Үкібасова