Туристік аймақтардың бірі саналатын Төлеби ауданын абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Сондай жұмыстар, ауданға қысы-жазы туристердің көп келетін жерлерінің бірі, Алатау ауылдық округіне қарасты Біркөлік-Екпінді елді мекендерінде жасалуда. Ұзындығы 6,2 шақырымды құрайтын автожолға жаяу жүргіншілерге арналған аяқ жолдар салынып жатыр. Алдағы уақытта жолдар асфальтанып, аялдамалар, жарық бағаналары, суағарлар орнатылатын болады.
Сонымен қатар, аудан тұрғындары мен қонақтарының жайлылығын арттыру мақсатында кішігірім демалыс алаңдарын салу жоспарланып отыр.
Енді табиғаты шұрайлы ауданымызда отандық туризм саласын жан-жақты дамытуға мүмкіндіктер көбейіп, шет елдерден және басқа қалалардан келіп демалушылардың саны артпақ.