Шымкент қаласына Қазақстан Республикасындағы Чех Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Рудольф Гикл келді. Сапар барысында елші қала әкімі Ерлан Айтахановпен кездесті. Бұл жөнінде Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Кездесу барысында қала әкімі екі ел арасындағы байланысты одан әрі нығайтуға бағытталған бірнеше жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бары жайында сөз қозғады.

Чехия университеттерінде шамамен 2000 қазақстандық студенттер оқитынын айтқан қала басшысы білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ниетті екенін жеткізді.

Сонымен қатар, Шымкенттің инвестициялық мүмкіндіктеріне тоқталды.«Біз Шымкент қаласынан студенттерді Чехияға ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді тағылымдамадан өтуге жібере аламыз. Сонымен қатар, жеңіл өнеркәсіп өндірісі мен ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдеу саласына Чех кәсіпкерлерін инвестиция салуға шақырар едім. Біздің өңірде бизнес климатты дамытуға барлық жағдай жасалған. Қалада екі индустриалды аймақ пен бір арнайы экономикалық аймақ сәтті жұмыс істеп келеді. Алдағы уақытта жаңа екі индустриалды аймақ құрылатын болады. Осы аймақтардағы жобаларға қатысуға Чех инвесторларын шақырамын »,-деді Е.Айтаханов.

Өз кезінде мәртебелі мейман Қазақстан Республикасы мен Чехия арасында тұрақты саяси диалог жүргізіліп келетінін айтып, Чехия ел аймақтарымен соның ішінде Шымкент қаласымен де қарым-қатынас орнатуға ниетті екенін атап өтті.