Іштегі құртты үйде емдемейді

44804

Бойыңызды әлсіздік билеп, ұйқымен дос болып алдыңыз ба? Әлде ішіңіз ауырып, ас-ауқатқа тәбетіңіз жоғалды ма? Жүрегіңіз айнып, жиі-жиі құсқыңыз келе ме? Күннен күнге салмақ тастап, ішкен-жегеніңіз бойыңызға дарымай жүр ме? Ендеше уақыт оздырмай дәрігерге қаралып, талдамалы-сараптама жасатыңыз. Алғашқы белгілері жұқпалы ішек ауруларына ұқсас болғанымен бұл — инфекция емес, ішек-құрт ауруы болуы мүмкін.

3 ТҮРІ КЕҢ ТАРАҒАН

Ішек-құрт ауруы паразитарлық ауруға жатады. Жоғары санатты гельминтолог-дәрігер Гүлнар Әбдіқадырованың айтуынша, паразиттердің түрі өте көп. Алайда кең тарағаны — острица, аскарида және лямбля.
Острица — адам ағзасында жиі кездесетін әрі кең таралған — құрт. Үшкірқұрт адамның аш ішегінің (жіңішке ішек) төменгі, тоқ ішектің алдыңғы бөлігінде кездеседі. Ұрғашылары 10-12мм, еркек даралары 2-5мм болып келетін ақ түсті құрт. Ішекте қорытылған аспен, кейде қанмен қоректенеді. Түнде артқы тесік арқылы сыртқа шығып, шапқа жұмыртқалайды (13000 данаға дейін). Жұмыртқалардың әрі қарай дамуы үшін 34-36 градус жылылық, 70-90% ылғал қажет. Анус айналасында, шапта жоғарыдағыдай жағдайлар болғандықтан 4-6 сағат ішінде жұмытқалар дамып, инвазиялық сатыға жетеді. Инвазиялық жұмыртқа іш киім, ойыншық, төсек орын немесе тырнақтардың асында да болуы мүмкін.


Аскарида — бұл да адамның ішегінде жиі кездесетін құрттың түрі. Құрттың бұл түрі жер бетіндегі 1 млрд адамда бар. Жіпке ұқсас, өте жіңішке ақшыл-қызғылт түсті. Бұл құрттар артқы дәрет жолының сыртқы қабырғаларына мыңдаған ұрық салады. Түнде ашып, қышытады. Нәтижесінде қасынғанда ұрықтар тырнақ астына кіріп, одан тамаққа, басқа заттарға таралады. Кейде ішектегі жыланқұрттар бірігіп, түйін құрайды. Салдарынан іш түйіліп, ауыруы мүмкін.
Лямбля — бұл құрттар адам ағзасына жуылмаған, кір қолдан түседі. Ұлтабар және ащы ішектің жоғарғы бөліктерінде өмір сүреді. Сондықтан да кейде ұстама түріндегі ауырсыну белгілерін тудыруы мүмкін.
Халқымызда «ішіңде жыланың бар ма?» деген сөзі бекер айталмаса кетек-ті. Лямблялар кез келген адамның ішегінде өмір сүреді екен. Егер олар «ұйықтап жатса», ешқандай зияны жоқ. Ең бастысы оятпау керек, яғни құрттардың бас көтеруіне жағдай жасамау қажет.
Дәрігердің айтуынша, ішек құрт аурулары адамдардың 90 пайызында кездеседі. Көбіне-көп балаларға үйір келеді.

ҚАЛАЙ ЖҰҒАДЫ?

Екі баланың анасы Дилараның айтуынша, балалары 6-7 жасқа толғанша «құрт» дегенді білмеген. Алайда соңғы кездері ұлдары күрт жүдеп кетіпті. Қанша тамақтанса да бойына ет жұқпайды. Денелерінде ақ дақтар пайда болған. Сонда ғана Дилара балаларын дәрігерге көрсетіпті. Жүргізілген талдамалы-сараптаманың нәтижесінде екі баласының ішегінде құрттың бар екені анықталған.
Ал тассайлық Гүлбарахан ішектегі құрттардың кесірінен баласының 3 жыл бойы қиналғанын айтады. Баласының ішегінде құрт бар екенін ұлы мектепке барарда білген. Содан ұлын үй жағдайында, халық емімен емдеген. Нақтырағы, құртты сыққан, құйрыққа май тамызған, тұзды сумен, «марганцовкамен» ішекті үйде жуған. Сосын сарымсақ, асқабақтың дәнегін жегізген. Алайда, бала ішегіндегі құрт азаймаған. Осы 3 жылда баланың да, ана-анасының да түн ұйқысы бұзылыпты. Бала түні бойы қасынып шықса, ана-анасы құйрықтан шыққан құртты «андыған». Сөйтіп жүріп өздері де жұқтырған.

Сонымен егер, сіздің не балаңыздың:
— Ас-ауқатқа тәбеті болмаса;
— Тәттілерге құмартса;
— Таңертең ауыз қуысынан жағымсыз иіс байқалса;
— Жүрек айнуы жиілесе;
— Құйрық төмен тартып ауырып не қышып мазаласа;
— Көзінің асты қарайып, әлсіздік пайда болса;
— Үнемі мазасызданып, түнгі ұйқы бұзылса;
— Теріде ақ дақтар пайда болса;
— Іш, кіндік тұсы ауырса;
— Салмақ жоғалту байқалса,
онда ағзада ішек құрттары болуы мүмкін.
Кейіпкеріміздің үйдегі тағы басқа балалардың да ішек құрттары бар. Оларға да ауру баладан жұққан. Себебі балалар бірге ойнайды, бірге ұйықтайды.
20 жылдық тәжірибесі бар гельминтолог-дәрігер Гүлнар Тұрғынбайқызының сөзінше, ішек құртын жұқтыру өте оңай. Олардың жұмыртқасы барлық жерде болады. Тіпті таза үй ішінде де кез келген заттың беткі бөлігі, баланың қолдары, тырнақтары бала үшін қауіпті. Үйде осы ауруды жұқтырған адам болса, онда жағдай тіпті қиын. Себебі, жатын орын, бірге жуылған киім, жақындасу арқылы паразиттер екінші адамның организіміне енеді. Сондай-ақ, паразиттерді серуендеп жүргенде де, дүкенге барғанда да жұқтыру мүмкін.

ҚҰРТТАН ҚҰТЫЛУҒА БОЛА МА?

Әрине көп жағдайда тәбеттің жоғалуы, салмақ тастау, ұйқышылдыққа мән бере бермейтініміз бар. Бұған маусымдық әлсіреу, шаршау деп селсоқ қараймыз. Демалсақ, түрлі дәрумендерді қабылдасақ, күш-қуатымыз артатынына сенеміз. Алайда, тісімізді қышырлатып, терімізге дақ түсіп, тік ішегімізі ашығанда ғана дәрігердің көмегіне жүгінеміз. Гүлнар Әбдіқадырованың айтуынша, оған қаралатын науқастардың көбісі дертін асқындырып келетін көрінеді. Жылдар бойы ішек құрттарын үй жағдайында емдеп келген. Бірақ маман лабораториялық тексерістер жүргізіп, гельминтоздарды бір-бірінен ажыратпай, оларды емдеу мүмкін емесін айтады.
— Халық бір жері ауырса дәрігерге қаралып, дәрі-дәрмегін жаздырып емделеді. Құрт шықса оған селсоқ қарайды. Сарымсақ жейді, асқабақтың дәнегін қайнатып ішеді. Енді бір пациенттер бар, дәрумен ішіп-жесек, құрттар өздері-ақ кетеді деген. Бірақ, бұл емдік шаралары оларға көмектеспейді. Керісінше, бұл әрекеттерімен ішектегі құрттарға жағдай жасап отыр. Ішкен дәрумендері олардың ағзасына емес, құрттардың дамып-өсуіне кетеді. Осылайша, олар өз ағзасында құртты бағып, өсіріп, көбейтеді-дейді дәрігер.

Ауруды болдырмау үшін профилактикалық шараларды мұқият сақтау қажет. Бұл үшін:
1. Жеке бас гигиенасын ұстанамыз;
2. Шыбындармен күресеміз;
3. Көкөніс, жеміс-жидектерді міндетті түрде жуып жейміз;
4. Мал еті мен сүтін жақсылап пісіреміз;
5. Тамақ өнеркәсібі, тамақ дүкендері, балалар мекемелеріндегі қызметкерлерді жүйелі түрде гельминтоздарға тексертеміз.
6. Аулаңызда ит, мысық болса тазалық шараларын арнайы киіммен жасаймыз.

Оның сөзінше, бұл паразиттерден құтылудың жолы бар. Бұл үшін бірінші кезекте ағзадағы құрттың түрін анықтау керек. Нәжісті жылы кезінде (1 сағаттың ішінде) талдамалы-сараптамадан өткізеді. Нәтижесіне қарай маман ұсынған емдік шаралары жасалады. Бұл шаралардан барлық отбасы мүшесі бірдей өтуі шарт, өйткені паразит құрттар өте жұқпалы.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №40, 2 қазан 2019 ж