Түркістан көшесінің бойындағы №1 көпқабатты үйдегі пәтер иелері мен кәсіпкер арасындағы дауға нүкте қойылмай тұр. Тұрғындардың айтуынша, ортақ баспанаға жапсарлас салынып жатқан ғимарат үйге жылу келетін құбырдың үстіне түскен. Барлық құзырлы органдарға жолданған арызда айтылған дауға аудан әкімдігі араласып, бірнеше мәрте сот та өтіпті.
Түркістан көшесінің бойындағы №1көпқабатты үй тұрғындарының қолдарына арыз шағымдарын ұстап айтысып жүргендеріне бірнеше жыл болыпты. Айтуларынша үйлеріне жапсарлас салынып жатқан құрылыс заңсыз. Себебі коммуникациялық жүйе жүргізілген жерге құрылыс салуға ешкім рұқсат бере алмайды деп айқайға салды. Осы шағымдарын барлық құзырлы органдарға жолдаған аудан әкімдігінің өзі араласып бірнеше мәрте сот отырысы өтіпті.
Тұрғындар «біз барлық мекеменің есігін қақтық. Әкіммен өткен кездесуде осы мәселені айттық. Аудан әкімінің өзі келіп көрді» дейді.
Өкінішке орай, алғашқы сот отырысында жер астындағы құбыр иелері «Қуатжылуорталығы 3» МКК құжаттарын толық көрсетіп оның өз иеліктеріне жататынын дәлелдей алмағандықтан аудандық сот пайданы кәсіпкердің үлесіне шешкен. Бірақ онымен келіспеген «Қуатжылуорталығы 3» мекемесі қалалық сотқа талап арыз түсірген. Бұл жолғы шағым сот алқасының отырысында қаралды.
Сот отырысы басталмас бұрын екі жақтық бітімгершілікке келу мәселесі қойылды, бірақ көпқабатты үй тұрғындарының келіспеуінен және жер астындағы құбырдан ақау шықса адам өміріне қауіпті деген «Қуатжылуорталығының» басшылығы бітімгершіліктен бас тартты.
Мұнда адам өміріне қауіп төнетіндіктен біз оған келісе алмаймыз. Есіңізде болса жақында Алматы қаласында құбыр жарылып тұрғындар жапа шекен болатын. Мұндай қауіп бұл жерде де болуы әбден мүмкін» дейді мамандар.
Екі тараптың дәйектерін тыңдаған сот алқасы тәуелсіз сараптама тағайындауға және оған барлық құзырлы органдардың қатысуы тиіс деген шешім шығарды. Енді кәсіпкер мен тұрғындардың арасындағы тартысқа соңғы нүктені сарапшылар қоятын болады.
Нұрлан Күдерұлы