Кентау қаласында аулалар абаттандырылып, алаңшалар салынып жатыр. 64 жылдық мерейтойын тойлаған шаһар жыл санап көркейіп келеді.
Көшелер жөнделіп, шағынаудандардың жолдары тегістеліп жатыр. Қаланың кіре берісіндегі жолда құрылыс қызу жүргізілуде. Мұнда орташа жөндеу жұмыстары қолға алынған. Дәл осындай құрылыс Логинов пен Құралбаев көшелерінде бастау алған.
Жөндеу жұмыстары осы айдың соңында аяқталуы тиіс. Бұдан бөлек, тозығы жеткен 7 көшедегі жол тегістеледі. Естеріңізге сала кетейік, Кентауда ұзындығы 96 шақырымды құрайтын 133 көше бар.
Жолдардан бөлек шаһарда көпқабатты үйлердің аулалары абаттандырылып жатыр. 66 млн. теңге қаржыны құрайтын жоба аясында спорт, балалар ойын алаңшалары салынуда.
Әл Фараби көшесіндегі үйлердің ауласындағы балалар алаңшасы жақында пайдалануға берілді.
Кентау қаласының тұрғыны Тыным Шегебаева шаһардағы оң өзгерістерге риза. Айтуынша «90 жылдары қиын-қыстау кезеңді бастан өткерген кентаулықтар мойымады, еңсесін тік көтеріп, үміттерін үзбеді. Міне, Түркістан облыс орталығы болған тұста біздің Кентаудың жағдайы жақсарды. Көше жолдары жөнделіп, тұрғын үйлер жаңалануда. Азық -түлікпен қамту жағы да көңілден шығады» дейді зейнеткер.
Жыл соңына дейін құрылыс компаниялары жолдың құрылысына бөлінген 1 млрд. теңгеден астам қаржыны игеруі тиіс. Келер жылдан бастап Түркістан қаласының құрамынан Кентауға қосылған ауылдардың жолдарын жөндеу жоспарланып отыр.
Шынар Оразова