Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажанов БАҚ брифинг өткізді

Бүгін кентаулықтар сүйікті қаласының 64 жылдық мерей тойын атап өтуде.

Осы атаулы датаның қарсаңында  Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажанов  шаһарда атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларымен БАҚ өкілдерін таныстырды. Еркін форматта өткен кездесу барысында жас әкім кеншілер қаласындағы жаңашылдықтар жайлы  баяндап берді.

Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажанов

Түркістан облыс орталығы болғаннан бері, 26 шақырымдағы Кентаудың да  дамуында жаңа өзгерістер байқалады. Түркістаннан  Кентаудың құрамына енген 12 ауылдық округтің есебінен бүгінде  кентаулықтардың саны 204 мыңға  жеткен.

Бүгінде  шаһарда кезекте тұрған 4 жарым мың азаматты баспанамен қамту мақсатында  бесқабатты тұрғын үйлер салынуда. Көше жолдары тегістеліп, аулалар абаттандырылуда. Тозығы жеткен көпқабатты үйлер жаңғыртудан өтіп, жаңалануда.

Мәдениет, спорт ошақтары да кұрделі жөндеуден өтуде. «Ауылдағы ағайынның да мәселесі кезеңімен шешіледі. Қала, аудан, ауыл аралық көлік қатынауды жолға қоямыз.  Қазір осы мәселені шешу мақсатында арнайы бөлім аштық- жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары, басшысын да тағайындадық. Жақында бөлім стратегиялық жоспар әзірлеп оны жүзеге асырумен бірге айналасамыз. Ауыз су мәселесі де біртіндеп шешіледі. Мектеп, балабақша, клубтар әр  ауылдық округтің қажеттілігіне, халық, оның ішінде балалар саны ескеріліп салынады. Бүгінде  Кентауда  3 жарым мың шаруашылық бар. Оларды біріктіру арқылы ірі фермалар құрып, кооперативтер дамуына мүмкіндік береміз. Түркістанның  айналасы  жасыл белдеу деп белгіленіп, оған кіретін ауылдар  қаланы  азық-түлікпен қамтитын болады», -дейді әкім мырза.

Бұдан бөлек, тілшілер қаладағы кәріз жүйесі, өндіріс қалдықтары жайлы тұщымды жауап алды.

Шынар Оразова