«Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «100 жаңа кітап» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Шымкентте осы бағыттағы жұмыстың атқарылуы қандай? Шетелдің белгілі авторларының қазақ тіліндегі аудармаларын Шымкент қаласында қайдан оқуға болады? Қазіргі таңда қаламызға аталған 100 кітаптың қаншауы жеткізілген? Қандай бағыттағы кітаптар? Тақырыпқа қатысты сан сауалға ОҚМУ қоғамдық сананы жаңғырту жобалық кеңсесінің басшысы Гүлнар Жанысбекова ханым жауап берді.
– «100 жаңа кітап» бағдарламасы аясында өңірімізге, қаламызға келіп жеткен кітаптардың бағыты қандай?
– «100 жаңа кітап» жобасы аясында келетін оқулықтар тек қана гуманитарлық бағыттағы оқулықтар. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жаңадан шыққан «100 жаңа оқулық гуманитарлық білім» деген бағдарламаның негізінде жасалды. Мұнда әлемдік ғылыми жетістіктері мен өркениеттік жетістіктері, гуманитарлық бағыттағы оқулықтар, монаграфияларын ұлттық аударма бюросы қазақ тіліне аударды. Енді бұл оқулықтар неліктен тек қана гуманитарлық бағытта десеңіз, біздің техникалық жағынан, басқа да бағыттар жағынан жетістіктеріміз жеткілікті деуге болады. Дегенмен, біз қоғамды қалай басқарамыз, адамдар қалай өмір сүріп, өзін-өзі қалай алып жүруі керек? Өз мүддесі мен қоғамдық мүдденің арасын қалай сәйкестендіру керек және жаһандану жағдайында он қауіп-қатерден сақтанып, елімізді әлемдік алдыңғы қатарлы елдермен қалай бәсекеге қабылетті ете алуымыз қажет? Міне, осы қиындықтардан өту жолын жастарға түсіндіріп, олардың ой-санасын дамыту үшін гуманитарлық бағыттағы 100 жаңа оқулықты ұлттық аударма бюросы аударып, қазіргі таңда еліміздегі барлық жоғары оқу орындарына таратып жатыр. Осы жерде айта кететін бір жағдай, бұл оқулықтар жоғары оқу орындарының барлығына тегін таратылды. Себебі, студенттермізге қолжетімді болудың барлық жағдайлары қарастырылған.
– Осы жоба қабылданып іске асырыла бастағалы бері кітаптардың қанша данасы шықты және осы кітаптарды оқ жоспарына енгізу жұмысы қалай жүзеге асырылып жатыр?
– Қазіргі уақытқа дейін 10 мың дана оқулық шыққан екен. Бірінші легінде біздің оқу орынымызға алдыңғы жылдың көктем айында 1164 кітап келіп түсті. Екінші лекте 11500 дана оқулық келді. Бұл кітаптардың барлығын біздің ақпараттық білім беру орталығының кітапханашылары қабылдап алды. Бүгінгі таңда барлық кітапханалардың бөліміндеріне тарқатылып берілген. Ал, 2018-2019 оқу жылында біз осы 18 оқулықты оқу үдерісіне енгізудің нақты алгаритімін жасап оқу үдерісіне енгіздік. Оның арнайы хаттамалыры бар. Мұнымен біздің университет академиялық білім беру жөніндегі департаменті айналысады. Оқулықтарды студенттерге таныстырудың алғашқы кезеңдері міндетті түрде өткізілді. Әрбір пән мұғалімі өзінің сабағына қажетті оқулықты оқу бағдарламасына, лекциясына, әдістемелік нұсқауларына кіргізіп, арнайы қойылған рет тәртібімен үнемі жүзеге асырып отырады. Өткен оқу жылында біз бұл оқулықтарды арнайы пән ретінде енгізбедік. Өйткені, бұл оқулықтардың ішінде біздің оқу үдерісімізге сай келетін де келмейтін де тұстары бар. Сондықтан біз арнайы тақырыптарға енгіздік.
– Сіздерге келіп түскен кітаптардың ішінде жастардың ерекше қызығушылығын оятқан, сұранысқа ие болып жатқан кітаптар бар ма? Бар болса, қай кітапты атап айтар едіңіз?
– «Төртінші индустриялық революция» деген Клаус Швабтың оқулығы бар. Оның сыртқы мұқбасаның өзі қызық. Бұл оқулықта автор бүгінгі жастардың дамуы жайлы айтып өткен. Сондықтан жастарымыз осы кітапқа назар аударып жатыр. Әлі де көптеген жастардың осы кітаппен танысуын қалаймын. Өйткені, бұл жерде болашақтағы адамның қандай болатындығы жайлы толық айтылған. Бұл біздің ұлы ақынымыз Абай Құнанбаевтың «адам» деген концепциясына толық сәйкес келіп отыр. Кітаптан бірлесе, ұжымдаса отырып, командамен жұмыс жасаудың не екенін үйренуге болады. Тіпті адамдарды өзінің эмоциясын басқара алуға және дене интеллектісін дамытуға тәрбиелейді. Сондай-ақ батыс және орта ғасырлық философияның пайда болуы, әдебиеттің теориясына кіріспелер, медиа және журналистика және басқа да бағыттағы оқулықтарымыз бар. Яғни, қазір жастар көп іздеп таба алмай жүрген оқулықтар бар. Және тағы бір айтарым, жеке адамдарға арналған «Көпке ұмтылған жалғыз» деген психологиялық кітап бар. Бұл кітапта бір адамның жан-дүниесін ашып, ақтарып, зерттеп шыққан. Және оқулық өте қарапайым тілмен жазылған. Осындай кітаптарды оқып өссе, біздің жастарымыз тек қана пайдасын көрер еді.
– Енді осы кітаптардың аудармасына қаншалықты көңіліңіз толады? Тілі жастардың қабылдауына жеңіл ме?
– Әрине, батыстың шығармасын қазақ тіліне аудару ол оңай шаруа емес. Дегенмен, кітаптар өте жоғары деңгейде аударылған. Білім деген инемен құдық қазғандай ғой. Сондықтан да түсінбей жатқан жерлері болса, студенттерге қайталап оқуды сұранамын. Өйткені бұл кітаптардың барлығы адам бойынан еңбекті, ізденісті қажет етеді. Оқу барысында да бұл қайталанады. Яғни, лекция, семинар, студенттің өзіндік жұмысында қайталана келіп санаға құйылады.
– Осы оқулықтар арасында біздің менталитетімізге сай келмейтін кітаптар бар ма?
– Оқулықтардың арасында «Құдай тану баяны» деген кітап бар. Ол түп нұсқасында «Құдай тарихы» деген кітап екен. Кітап аудармасы өте сәтті аударылған. Яғни құдайды тану барысындағы адамның оқиғасы. Педагогикалық университетіндегі рухани жаңғыру бағдарламасын басқарушы Қайрат Анарбаев мырза «Құдай тану баяны» оқулығын бірден оқу үдерісне енгізуге болмайды деген өзінің жеке пікірін айтты. Және сол оқу орнында осы тақырып аясында арнайы дөңгелек үстел де өтті.
– Қазір 100 кітаптың қаншауы келіп үлгерді?
– Бүгінгі таңда алдымен 18 кітап келсе, одан кейін 30 кітап келді. Аты айтып тұрғандай 100 жаңа оқулық жобасы аясында әлі де белгілі авторлардың гуманитарлық бағыттағы кітаптары келеді. Біз әлі 52 кітапты күтіп отырмыз. Қазір біз осы 48 кітапты меңгеріп алдық. Енді осы оқу жылында қайта сауалнама жасаймыз. Өйткені, келіп жатқан оқулықтар сұранысты қанағаттандырып жатқан-жатпағандығын білуіміз керек. Егер әлі де сәл жетіспеушілік болса, тағы қандай оқулық керек екендігіне байланысты сауалнама жүргіземіз. Осылайша біздің кеңсе осы оқу жылында жаңа оқулықтарды ұсынуға дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ол да гуманитарлық бағыттағы кітаптар болуы тиіс.
– Университет студенттерінен бөлек қала тұрғындары кітаптармен танысқысы келсе, оларға бересіздер ме?
– Біздің кітапханамыз студенттерге қызмет көрсету кітапханасы болғандықтан, тек студенттер ғана оқи алады. Ал басқа да оқимын деген адамдар үшін, kitap.kz сайтында осы оқулықтардың электронды нұсқасы бар. Сол жақтан оқуға кеңес берер едім. Ал, студенттер үшін кітаптар өңіріміздегі барлық жоғары оқу орындарына таратылған.
Әңгімеңізге рахмет!
Жанерке Хумар
«Оңтүстік Рабат», №38, 18 қыркүйек 2019 ж