Шетелдік маман түркістандық кәсіпкерлермен өз тәжрибесімен бөлісті

216

«Аға сеньорлар» жобасы аясында түркістандық «Grand Mix» жиһаз фабрикасына Белоруссиядан сарапшы Ольга Десюкевич келді. Ольга өз миссиясын дизайнерлік-зерттеу деп атайды. Басқаша айтқанда, ол жиһаз пішінімен жұмыс істейді, жаңа жиһаз концептілерін әзірлеуге көмектеседі, өндірістегі өзекті құралдарды, тәсілдер мен өнім сапасын жақсарту жолдарын үйретеді.

«Мен фабрика қызметкерлеріне жиһазды жобалау бойынша оқу өткіздім. Сонымен қатар, өндірісте енгізу үшін модульдік жүйені, кәсіпорынның құрылымдық схемасын, әрбір қызметкердің лауазымдық бірліктерін арттырып, тікелей міндеттерін айқындадық. Бұл әрбір қызметкердің өнімділігін жақсартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, біз өндіріс уақытын есептеу және осы бұйымдардың нақты құнын анықтау үшін фабрикамен шығарылатын бірнеше үлгілердің хронометражын жүргіздік»,- дейді Ольга.

Айта кетейік, облыста жиһаз өндірісі бойынша Түркістан қаласы алдыңғы орында тұр. Қатты және жұмсақ жиһаз өндірісі қаланың қайта өңдеу саласындағы өнім көлемінің 20% — ға жуығын құрайды.

«Grand Mix» кәсіпорны өзінің тарихын 20 жыл бұрын 4 адам еңбек еткен шағын цехтан бастады. Жылдан жылға өндіріс кеңейді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіпорын шығарылатын өнімнің ассортиментін арттырып, қойма ғимаратын салып, нағыз жиһаз фабрикасына айналды.

Кәсіпорынның өнімдері барлық өңірлерге жақсы таныс. Ол республиканың 14 облысында және Бішкек, Қырғызстан қалаларында да жеткізілуде. Қазір Ресей мен Әзірбайжан өңірлерінен өтінімдер қабылдануда. «Grand Mix» жылына 1,5-2 млрд теңгеге жиһаздың бірнеше түрін шығарады. Мұнда 145 жергілікті тұрғын еңбек етеді.

«Шетелдік маман кәсіпорын басшысына қажетті, құнды кеңестер береді. «Grand Mix» компаниясының басшылығымен жиһаз бизнесін жүргізу тәжірибесімен Белоруссиялық маман Ольга Десюкевич бөлісті. Бүгінде фабрикамен Ресей, Белоруссия, Қытай және Қазақстаннан 30-дан астам дилерлер мен 40-тан астам жеткізуші жұмыс істейді. 20 жылдан астам уақыт бойы жұмыс жасап келе жатқан өндіріске жаңа серпін қажет.

Көлемнің өсуі үшін шетелдік сарапшы алып келген жаңа идеяларды енгізу қажет. Шақырылған мамандардың ұшуы мен қызметтеріне ақы төлеуді республикалық бюджет төлейді. Ал шетелдік сарапшы келгеннен бастап барлық шығындарды «Аға сеньорлар» жобасының қатысушылары төлейді», — деп атап өтті облыстық Кәсіпкерлер палатсының қаржылай емес қолдау бөлімінің бастығы Жанна Тілеубекова.

Айта кетсек, биыл Түркістан облысында «Аға сеньорлар» жобасына қатысуға 10 өтінім берілген.